Қазіргі құбылмалы ауа райында қос қабаттан жаңа үлгі шығаруға болады. Ойымызға келмейтін әр түрлі киімдерден бір жаңа үлгі шығаруға 5 идея ұсынамыз.
Жилет + джинс күртесі
Сүйікті жилетіңізді джинс күртесінің сыртынан киіп алыңыз. Егер, керісінше, жилетті джинс күртесінің ішінен кисеңіз, сырт көзге үлкен көрініп, өзіңізді қолайсыз сезінесіз. Кенеттен күн жылынып кетсе, күртені шешіп, беліңізге байлап алыңыз немесе жилетті шешіп, иыққа іліп алыңыз.
Қысқа көйлек (немесе туника) + ұзын белдемше
Егер әйелге тән әрі нәзік стильді ұнатсаңыз, осы қос қабатты үлгіні жасап алыңыз. Бұл үлгіде көйлек пен белдемшенің түсі үйлесім табуы шарт. Сонымен қатар, тар көйлек емес, бос тұратын көйлек таңдағаныңыз жөн. Белдемше жеңіл матадан тігілгені жақсы.
Водолазка + жеңіл кеудеше
Жеңіл кеудешелер мен жеңсіз көйлектердің ішінен водолазка кию өткен күздік сән көрсетілімдерінде назарда болды. Көктемгі ауа райына сай өзіңіз жаңа үлгі жасауға болады. Бастысы, қалың және сапасыз водолазкалардан бас тартыңыз. Мұндай үлгінің артықшылығы күн ысып кетсе, кеудешені немесе водолазканы шешіп тастауыңызға болады.
Жіңішке шарф + иығы ашық киім
Жіңішке шарфтар былтырғы жылдан бері сәнде келе жатыр. Биыл да көктемгі сәнді аксессуарлардың бірі жіңішке шарфтар болғандықтан, ойланбай-ақ киім үлгіңізге қосыңыз. Жіңішке шарфтарды иығы ашық киімдермен үйлестірсеңіз болады.
Жыртық шалбар + ашық түсті леггинсы
Жыртық шалбар кию үшін қазіргі ауа-райы суықтау болса, оның ішінен ашық түсті леггинсы киіңіз. Біріншіден, қос қабаттап кигендіктен тоңбайсыз, екіншіден, леггинсы суреті жыртық шалбар астынан көрініп тұратын жаңа киім үлгісін ұсынасыз.