- Негізгі бет
- Сән
- Көктемде сәнде болатын...
Көктемде сәнде болатын сырт киімдер
Көктемде тезірек ауыр күрткені шешіп, орнына шағын әрі жеңіл киім кигіміз келеді. Оған қоса, маусымаралық сыртқы киімдер қысқыға қарағанда әртүрлілігімен ерекшеленеді. Ендеше, көктемде қандай сыртқы киімдер сәнде болады?
Oversize бомбер
Көктемде гардеробтағы бомбер күртке сәнде болады. Оның классикалық «мектеп» бомбері де, заманауи үлгілері де трендке айналмақ. Стилистер кең тұратын ашық түсті бомберді көйлекпен немесе қысқа белдемшемен және қонышы ұзын етікпен үйлестіруді ұсынады. Бомберді джинс шалбармен және кедымен немесе дөрекі кроссовкамен киюге де болады.
Флис күртке
Бұл мерзімде хюгге скандинавиялық стилі өзінің сән ережелерін ұсынуда. Флистен тігілген күртке — көктемде стильді көрінумен қатар өзін жайлы сезінгісі келетіндер үшін керемет шешім. Мұндай күрткенің ақшыл-сарғыш реңктегі қысқа түрлері трендке айналуда. Оны ашық түсті шалбармен және ақ кроссовкамен үйлестіруге болады.
Былғары плащ
Былғары плащқа деген тренд қайтадан оралды. Оның кең тұратын қара әрі қоңыр түстері сәнде болады.
Шакет
Үлкен жапсырма қалталары бар жылы жейделер бірнеше жыл қатарынан сәнде келе жатыр. Олар базалық водолазкалармен де, қарапайым футболкалармен де үйлесе береді. Мұндай жейдені басқа киімдермен үйлестіру оңай болуы үшін әрі стильді көріну үшін оның торлы немесе жолақты түріне мән беріңіз.
Винтаж былғары күртке
Осы мерзімде табиғи былғарыдан жасалған күрткелер сәнде болады. Оның ескірген секілді немесе қызықты винтажды деталі бар және міндетті түрде кең тұратын түрлеріне мән берген жөн.
Шашағы бар күртке
Шашақ — келе жатқан мерзімнің басты трендтерінің бірі. Сондықтан да стилистер шашағы бар сыртқы киімге мән беруді ұсынды. Әсіресе, түрлі түсті шашағы бар жылы күрткелер сұраныста болады. Киім үлгісі одан да қызық болуы үшін тебіскі қалпақ пен винтажды көзілдірік киіңіз.
Жылы жакет
Жакет базалық гардеробтың ажырамас бөлігіне айналды. Оның ұзын және кең тұратын түрлерін көпқабатты киім үлгісінің бір бөлігі ретінде пайдалануға болады. Осы мерзімде иық төсеніші бар ашық біртүсті жакет таңдауға болады. Мұндай үлгідегі жакет дене пішініне дұрыс пропорция сыйлайды. Принттері бар классикалық жакеттер де трендте қалады.
Былғары пиджак
Табиғи және эко-былғарыдан тігілген киімдер бұл көктемде де өзінің өзектігін жоғалтпайды. Стильді көріну үшін сыртқы қабат ретінде жылы былғары пиджак пайдалануға болады. Мұндай пиджак спорттық және классикалық киім үлгісіне де жараса береді. Оның қара және қоңыр түстері сәнде болады.
Түрлі-түсті тон
Түрлі-түсті сыртқы киім — осы көктемнің негізгі тернедтерінің бірі. Стилистер күнделікті киім үлгісіне тек жұмсақ немесе қою түстерді пайдаланбай, қанық түрлі-түсті киімдер киюді ұсынады. Әсіресе, жасыл, күлгін, қызыл және көк түстерге мән беріңіз.
Классикалық тренч
Базалық гардеробтың негізгі элементі — ұзын классикалық тренч. Оның ақшыл-сарғыш түсті оверсайз үлгілері де, басқа да қанық түсті түрлері де сәнде болады. Классикалық тренчті де классикалық және спорттық киімдермен үйлестіре беруге болады.
А. Жапатова