Қыстың аязды күндеріне қарамастан, сән дизайнерлері күз бен жазға арналған жаңа үлгі жасауға көшті. Жапондар Issey Miyake сән үйі ашық түсті киімдер топтамасын дайындап үлгерді. Ол матадан жасалған, бірақ дайындауға ешқандай ине де, тебен де, тігін машинасы да қолданылмаған.
Жапондар әрдайым айрықша, заманға сай, қайталанбас дүние шығаруға құштар екені бәрімізге мәлім. Осы Issey Miyake сән үйі киімдерді де жаңа технологиямен жасап шығарды.
Даярланған мата арнайы көрнекті трафареттерге орналастырылады. Арнайы бояумен әрленген соң, пешке жіберіледі. Жоғары температурада матаның өңі өзгеріп, қатты, көлемді бола түседі. Ал бояғыш сұлба мен бүкпелерге қажетті бояуды құяды.
Мұндай технология қосөлшемді эффектіге қол жеткізеді. Киім бүрмеленіп, алыстан көз тартады. Киімді пісірген соң, оған қосымша тігістер енгізудің қажеті болмайды. Ал мамандар оған анық қандай мата қолданғаны жөнінде жақ ашпайды. Олар жаңа технологияның қыр-сырын өзгелер меңгергенін қаламайды.
Issey Miyake көктем-жаз 2016-ға арналған киім топтамасы мейлінше ашық түсті әрі ерекше. Оны соншалықты кербез деуге келмесе де, көше стиліне өте үйлесімді. Жапон брендінің дизайнерлері түс таңдауда ашық сары, жасыл, алқызыл және қою көк түстерге тоқталды.
Issey Miyake қызметкерлерінің көзқарасы бойынша 2016 жылы көктем мен жаз мезгілінде тізеге дейін келетін белдемше, кең тұратын көйлек, жапон стиліндегі кең балақты шалбарлар сәнде болады.