Кроссовкаларды тек спортзалға кию кезеңі өтті. Алдымен кроссовканы дизайнерлер сән көрсетілімдеріне шығарса, одан соң ол барлық бойжеткеннің гардеробынан орын алды. Кроссовкалар мен нәзік киімдерді үйлестіріп киюге де көзіміз үйреніп барады. Бүгінгі материалда дизайнерлердің айтуынша, көктем-жаз мезгілінде кроссовкалармен үйлестіріп кие беруге болатын киімдерді ұсынамыз. Ал таңдау тек өз қалауыңызда екенін ұмытпағайсыз!
Кроссовка + миди белдемше
Миди ұзындық сәнді трендтер қатарында қала береді. Ал кроссовка миди белдемшелермен жақсы үйлесім табады. Тізеден төмен түсіп тұратын белдемшелер мен көйлектерді жинақы кроссовкалармен киген жөн.
Кроссовка + кюлот
Кюлот шалбар "күрделі" киімге жатады. Егер оны дұрыс үйлестіріп кимесеңіз, аяғыңызды қысқа етіп көрсетуі әбден мүмкін. Сондықтан кюлот шалбарларға кроссовканы мұқият таңдаған дұрыс. Көктем-жаз мезгіліне кюлот шалбар мен ақ кроссовка жақсы үйлесім табады. Егер түрлі түсті кроссовкаңыз болса, оның жинақы болғанын қадағалаңыз.
Кроссовка + джинс шалбар
Биыл алдыңғы материалда жазылғандай қысқа балақты джинс шалбарлары сәнде екенін білеміз. Кең балақты шалбармен қатар джинс шалбардың барлық түрі сәннен кетпейді. Олар әрқашан танымалдыққа ие. Джинс шалбарлар мен кроссовкаларды үйлестіріп, әмбебап киім үлгісін ала аламыз. Джинс шалбар мен кроссовканы үйлестірудің бір артықшылығы — жинақы кроссовкалардан бастап тұрпайы спорттық кроссовкаларға дейін сәйкес келе береді.
Кроссовка + шалбарлы костюм
Шалбарлы костюм мен кроссовка үйлесімсіз киімдер секілді көрінеді. Алайда сән көрсетілімдерінде бұл киімдердің үйлесімі сәнге айналды. Бастысы, мұндай киімді қайда киетініңізге байланысты кроссовканы дұрыс таңдай білу қажет. Мысалы, құрбылармен кездесуге шалбарлы костюмді ерекше кроссовкамен кисеңіз, жұмысқа барарда оны артық детальдары жоқ, жинақы ақ түсті кроссовкамен киюге болады.