Көктем-жаз сәні 2016: Аяқ киімдер

Көктем-жаз сәні 2016: Аяқ киімдер
Фото: www.livemaster.ru

Биылғы жылы сәнді трендтер ерекше әрі әртүрлі. Соның ішінде, аяқ киімдерге келетін болсақ, олар кроссовкалардан бастап мюли аяқ киімдеріне дейін түрлене береді. Бүгінгі материалда көктем-жаз мезгілінде сәнде болатын 5 аяқ киім үлгісін ұсынамыз.

Ер адамдар стиліндегі аяқ киімдер

Ер адамдар стиліндегі аяқ киімдер, соның ішінде олардың платформасы биік түрлері сәнде болмақ. Биік платформалы тұрпайы аяқ киімдер осы мерзім сән көрсетілімдерінің барлығында дерлік болды. Мұндай аяқ киімдер былғары күртемен, бохо стиліндегі романтикалық көйлекпен, қысқа шалбармен және жакетпен үйлесім табады. Егер сізге тұрпайы платформа ұнамаса, классикалық оксфордтарды таңдаңыз. Тағы бір әмбебап түрі — күдері немесе лақталған былғары лоферлер

Мюли

Мюли, яғни арты ашық туфлилерді 2016 жылдың ең басты тренді деп айтсақ та болады. Мұндай аяқ киімдердің жай табанды және өкшесі бар түрлері де болады. Ыңғайлы тәпішке түрлерін джинс шалбармен де көйлекпен де киюге болады. Биік өкшелі аяқ киімді ұнататын аруларға дизайнерлер мюлидің екі түрін ұсынды: жіңішке тік өкшелі және берік шаршы өкшелі мюли. Мюли аяқ киімі кей түрлерінің өкшелері түрлі заттармен безендірілген. 

Бауы бар жеңіл аяқ киімдер

2000 жылдардың тренді — бауы бар жеңіл аяқ киімдер мен туфлилер қайта сәнге оралды. Биылғы сәнде грек стиліндегі сандалдар емес, атлас немесе жіңішке бауы бар әдемі туфлилер. Мұндай сәнді жеңіл аяқ киімдердің жай табанды және қысқа шаршы өкшелі, сонымен қатар тік өкшелі де түрлері болады. Мұндай аяқ киімдердің салмақты түрлерінен бастап безендірілген түрлеріне дейін табасыз.

Спорттық аяқ киімдер

Кроссовкасыз гардеробымызды елестету қиын. Алайда осы мерзімде спорттық стильдегі ыңғайлы сандалдарды таңдасаңыз болады. Мұндай спорттық аяқ киімдерді немен кисеңіз де үйлеседі. Алайда толықтай спорттық киінбеген жөн. Мұндай аяқ киімдерді жеңіл көйлектермен миди-белдемшелермен үйлестіріп киіңіз. 

Эспадриль аяқ киімдері

Жіп өкшелі мата тәпішкелер сәндегі орнын тұрақты ұстап тұр. Мұндай аяқ киімдердің классикалық түрін ғана кию міндетті емес. 2016 жылы олардың платформалары әртүрлі ашық түсті, қосымша баулары бар және әдемі безендірілген түрлері көптеп шығады. Оны күнделікті өмірде ыстық күндері кез келген киіммен үйлестіріп киюге болады. 

А. Жапатова