- Негізгі бет
- Сән
- Көктем-жаз 2020: Сәнді...
Көктем-жаз 2020: Сәнді аяқ киімдер
Көктем-жаз мерзімінде жаңа аяқ киім алу ойыңызда болса, жаңа трендтерді білген артық етпейді. Әрине, аяқ киімнің сәніне қарағанда оның ыңғайлы болуын басты орынға қою керек. Бірақ қазір ыңғайлы және стильді аяқ киімді табу қиын емес. Ендеше, дизайнерлер көктем-жаз мерзімінің сән топтамаларына жиі пайдаланған аяқ киім түрлерін ұсынамыз.
Түрлі-түсті кроссовкалар
Ашық түсті үлгілер, "айқайлап" тұрған реңктер, тіпті, кейде бір-бірімен аса үйлесе қоймайтын түстер – мұның барлығы кроссовкалардың жаңа тренді. Мұндай кроссовканың басты артықшылығы – оны кез келген түсті киіммен кие алу мүмкіндігі.
Шұлық-кроссовкалар
Мұндай кроссовкаларды сәнқой қыздардың былтырғы киім үлгісінен байқаған боларсыз. Олар әлі де өзіне деген сұранысты жоғалта қойған жоқ. Алайда шұлық-кроссовка біреуге ұнаса, біреудің көңілінен шықпайды. Дизайнерлер көктемде оның ақ-қара түсті түрлерін алуға кеңес береді.
Гладиаторлық сандалдар
Гладиаторлық сандалдар сән көрсетілімдерінен кетер емес. Ал оны алу не алмауды өзіңіз шешесіз. Дизайнерлер оның жай табанды классикалық түрлерін де, өкшесі бар түрлерінде ұсынды.
Шынжыры бар аяқ киім
Шынжыры бар басы ашық аяқ киімдер, туфлилер, мюлилер сәнде болады. Аяқ киім шынжыры аяқтағы білезік секілді көрінеді.
Дөрекі аяқ киім (ugly shoes)
"Әдемі емес" аяқ киімге деген тренд салыстырмалы түрде жақында пайда болды. Ол, әсіресе, кроссовка өндірушілері арасында кең тарады. Дизайнерлер көктем-жаз 2020 топтамаларында табаны қалың, белдіктері көп және ыңғайлы сандалдар ұсынды.
Эспадрильи аяқ киімдері
Бұл жеңіл, ыңғайлы және табиғи аяқ киім. Аяқ киімнің атауы эспарто сөзінен шыққан. Ол – аяқ киім табанына арналған жіп жасауға болатын өсімдік. Эспадрильи дизайнерлердің экологиялық, табиғи және жайлылық идеясын қолдайтынын көрсетеді.
Пластик элементтері бар аяқ киім
Дизайнерлер пластикті топтамаларына жиі пайдаланады. Оны осы уақытқа дейін сөмкеден немесе киімнен байқаған болатынбыз. Енді пластик бөліктерін аяқ киімнен де көруге болады.
Басы төртбұрышты аяқ киімдер
Бұл өткен жылдардан қайта оралған трендтің бірі. Басы төртбұрышты етіктер, туфлилер немесе жеңіл аяқ киімдер көрсеңіз, ол қазіргі заманауи аяқ киім екенін біліңіз.