Көктем-2013: Сәнді әшекей-бұйымдар

Әшекей-бұйымдар сәнді бейнені толықтырып, дұрыс келбетке жетуге көмектеседі. Бастысы - артық кетпей, қазіргі сәннен хабардар болу. 

2013 жылдың көктем-жаз маусымында аксессуарлар арасында бір бағытталған тренд болмайды. Кішкентай әшекейлер де, экзотикалық үлкен аксессуарлар да сәнде болмақ.

Stella Mccartney, Hermès, Michael Kors, Balenciaga мен Lanvin сән үйлері минимализм стилін ұстануда. Артық ұсақ-түйектер жоқ, бірінші орында пішін мен материал. Пластмассадан жасалған мөлдір білезіктер, металдан құйылған алқалар, бар саусаққа бір уақытта тағылатын сақиналар ерекше сәнді. 

Oscar de la Renta, Zac Posen мен Ralph Lauren танымал сән үйлері винтажды стильге жаңа дем беріп, раушан гүлді әшекейлер, испан стиліндегі ұзын сырғалар мен жануарларды суреттейтін алқаларға үлкен көңіл бөлуде.
 
Көптеген дизайнерлер өзінің көктемдік топтамаларында табиғи материалдар мен тастарды қолданған. GiambattistaValli теңіз малта тасын, Etro – минералдарды, Marni - ағашты қолданған.

Alexander McQueen табиғат тақырыбын қолдап, "балды" білезікке аралар отырғызса, Carven көбелектерден шабыт алды, Balenciaga бұтақ түрінде шашқа арналған алтын аксессуар жасады.
 
Әрине көктем-жаз кезінде аксессуарлар арасында ең танымал тренд - гүлдер болмақ.  Шашқа қыстырылған, мойынға тағылған үлкен-кіші гүлдер көктемнің демін береді.
 
Этникалық стиль де сәнді болады. Шошақ сырғалар, ерекше білезіктер соған дәлел.

 

Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: wmj.ru