- Негізгі бет
- Сән
- Коко Шанельдің құрметіне...
Коко Шанельдің құрметіне жаңа иіссу шығарылды
Парижде өткен сән апталығында Chanel компаниясы жылдың маңызды шарасына жиылған барша қауымды жаңа француз әтірімен қуантты. Ол аталған компанияның негізін қалаушы, сән диктаторына айнала білген Коко Шанельге арналған. Жаңа туындыға Gabrielle деген атау берілген. Бұл – мадемуазель Шанельдің шын есімі.
Оливье Польждің шебер қолынан шыққан нағыз мінсіз туынды "Жаңа атау. Жаңа құты. Жаңа жұпар. Өз болмысыңды паш етудің жаңа жолы" деген релизбен жарық көрді. Парфюмердің айтуынша, әтір Коко Шанельдің ерекше мінезін береді екен. Оның бар болмысын таныту үшін Польж апельсин гүлі, тубероза, иланг-иланг және жасмин сынды ақ түсті гүлдерді таңдаған. "Gabrielle – гүл иісті жұпар. Гүлді, жалтыраған, жылы. Мен оны жасаған кезде әтірді сепкен әр адам оған өзінің жеке өмірінің ерекшелігін қосу арқылы бұрынғыдан бетер әсерлі ете түсетініне сенгенмін", – дейді Оливье Польж.
Алғашында Gabrielle иіссуынан мандарин, қарақат және грейпфрут иістері аңқиды. Бір мезеттен кейін ол мускус пен сандал жұпарына алмасады.
Жаңа әтір 2017 жылы қыркүйек айында сатылымға шығарылады. Ал, оның жарнамасына актриса Кристен Стюарт таңдалған.
А. Оралқызы