Киноиндустрияда декорациядан бастап костюмдерге дейін әрбір детальді мұқият ойластырады. Көлемді кинокартиналар үшін ерекше киімдер тігіледі: оның басты мақсаты — қажет атмосфераны бере алу. Кино тарихындағы ең қымбат көйлектерді қандай фильмдердің кейіпкерлері киді?
«Жеті жылдық дуыл» («The Seven Year Itch»)
Рөлді Мэрилин Монро ойнаған фильм кейіпкері өз серігімен кинотеатрдан шығып, жолдың бойындағы тордың қасына тоқтайды. Тордың астынан пойыз өткенде қыздың бүрмеленген белдемшесі ауаға көтеріледі. Бұл көріністі фильмді көрмегендер де біледі. Ал бас кейіпкердің көйлегі көрермендер арасында күшті әсер қалдырды: ақ миди көйлек көпшіліктің ойында Мэрилин Монроның ең тартымды көйлегі ретінде сақталды. 50-жылдар үшін үйреншіксіз бұл көйлекті костюмдер суретшісі Уильям Травилла ойлап тапты. Бұл көйлек 2011 жылы шілде айында Profiles In History бәссаудасында 4,6 миллион долларға сатылып кетті.
«Тиффанидегі таңғы ас» («Breakfast at Tiffany's»)
Бұл фильмде Одри Хепберн киген қара футляр-көйлек сән мен кино тарихында мәңгілікке сақталды. Бұл қарапайым, ұстамды және стильді қара көйлек 60-жылдардағы Франция сән үйлерінің париждік салтанатының бейнесіне айналды. Экранда бірнеше минут қана көрінген қара көйлек фильмнің визит картасына және кинематография тарихындағы ең қымбат көйлектердің біріне айналды. Модельер Юбер Де Живанши ойлап тапқан бұл қара көйлек Одри Хепберннің дене пішінін айқындай түсіп, оған әсемдік пен жұмбақтылық сыйлады.
Қазір әлем бойынша түпнұсқалық көйлектің 3 ресми көшірмесі бар. Біреуі Givenchy архивында ұқыпты сақталып тұр, келесісі Мадридтегі костюмдер мұражайында орналасса, ал үшіншісі 2006 жылы Christie's аукционында 607 мың еуроға сатылды.
Бұл фильмдегі Ascot бәйгесіне киген кейіпкердің ақ көйлегі көпшілік аукционерлерді шабыттандырды. Денеге жабысып тұратын ақ-қара «су перісі» көйлекті Сесил Битон ойлап тапты. Ол 1965 жылы ең үздік костюм дизайны үшін «Оскар» жүлдесін алды. Түсірілім аяқталған соң көйлек аукционда жеке коллекцияға 3,7 миллион долларға сатылды.
Бұл фильмнің экранға шыққанына көп жыл өтсе де, әлі күнге дейін танымал. Көпшілікті фильмнің сюжетімен қатар, басты кейіпкер — Роза Дьюитт Бьюкейтердің көйлектері қызықтырады. «Титаниктің» суретші-костюмері киімдерді ойлап табу кезінде король Эдуард VII-ші патшалық құрған кезеңнен шабыт алған. Ол кезде тік сұлба, қатты биік жаға және кең жиекті қалпақтар сәнде болатын.
Роза өзінің кемедегі саяхатын бастағанда киген жолақты костюмі эдвардиандық кезеңнің барлық талабына сай келеді: жүн, шілтір, шифон, кең жиекті қалпақ, көлемді шаш үлгісі. Ал кейіпкердің суға секірейін деп жатқанда үстінде болған көйлегі әлемдік кино тарихындағы ең қымбат киімдер қатарына кіреді. Аустриялық кристаллдармен, бисерлермен және шыны моншақтармен қолдан тігілген шлейфі бар қою қызыл көйлек «Титаник» түсіріліміне арнайы бір ғана данада дайындалды. Түсірілім аяқталған соң 4-килограмдық көйлек жеке коллекцияға сатылды.
Ақ-қара торлы шыт көйлек «Оз елінің сиқыршысы» фильмінің кейіпкері Джуди Гарленд бейнесінің ажырамас бөлігіне айналды. Оны арнайы картина үшін Эдриан Гринберг ойлап тапты. 2015 жылы көйлек 1,5 миллион долларға сатылды. Басты кейіпкердің лағыл туфлиінің тарихы қызыққа толы. Фильм түсірілімі үшін барлығы 4 аяқ киім дайындалған. Джуди Гарленд мұражайында сақталған аяқ киім 2005 жылы ұрланады, оны 13 жыл өткен соң ғана табады. Тағы екі аяқ киім жеке коллекцияға сатылады. Ал соңғы төртінші аяқ киім киноакадемия мұражайында сақтаулы тұр.
«Дюна» («Dune»)
Дени Вильневтің фильмі осы жылы көпшіліктің тағатсыздана күткен фильмі болды. Фрэнка Герберттің ғылыми-фантастикалық романына негізделе түсірілген картина көрерменді күрделі сюжетімен ғана емес, сондай-ақ кейіпкерлердің костюмдерімен қызықтыра алды. Суретшілердің ойы бойынша, костюмдердің дизайны шөл далалы планетаның атмосферасын сездіре алу керек болды.
Фильмдегі басты кейіпкердің анасы — Джессика Арракис планетасына келгенде киген «металл» жібек көйлегі ең ерекше әрі есте қалатын киім болды. Костюмдер дизайнері Жаклин Уэст сұхбаттарда бұл көйлектің кинематограф тарихындағы ең қымбат көйлек екенін бірнеше мәрте айтқан болатын. Түсірілім командасы нақты соманы айтпады, алайда Джессиканың бетін, мойнын және қолдарын жауып тұрған моншақты алтын торды дизайнерлер бірнеше ай қатарынан қолдан жасағаны белгілі.