Егер шкафыңыз киілмейтін киімге толып қалса, бәрін тастап, не таратып беріп, ойластырылған гардероб жасаңыз. Сүйікті киімдеріңізді негізге алып, соған сәйкес киімдер мен сәнді аксессуарлар сатып алыңыз.
Оңтайлы гардероб: сәнді минимум
Стиль қалыптастыру жөніндегі мамандар негізгі киімдерден құралған гардероб жасауды ұсынады. Ол күнделікті киіске арналған киімдерден құралып, жылдың барлық мезгілдерін ескеруі керек. Өмір салтыңызды, түр-пішініңізді, өзіңізге тән стиліңізді, барлық ұсақ-түйекті назарда ұстаңыз. Тұрғылықты жеріңіздің ауа райының ерекшеліктерін, сонымен қатар, киімге қанша ақша жұмсай алатыныңызды ойластырыңыз.
Негізгі киімдерді гардеробыңызда бар киімдерден құрауға болады. Егер қандай да бір керек бұйым жоқ болса, онда бірінші кезекте не алу керектігін білетін боласыз.
Негізгі гардеробты байсалды түстегі киімдерден құраған жөн – бұл бұйымдарды жарқын сәнді бұйымдармен үйлестіруге болады. Қара, қоңыр, сұр, көк немесе сарғыш түстер жарайды. Екі сүйікті реңкті таңдаңыз – мысалы, қоңыр және ақсары. Мұндай киімдерді толықтыру қиынға түспейді.
Мини-гардероб шалбар, джинсы, белдемше, жакет, қарапайым көйлек және пальтодан тұрғаны абзал. Сонымен қатар, екі блузка, жылы және жұқа трикотажбен толықтыруға болады. Мейлінше осындайдың қыстық және жаздық екі топтамасы болғаны жақсы. Барлық киімдер сапалы маталардан тігілген, сіздің стиліңіз бен өлшеміңізге сай болуы қажет.
Қарапайым классикалық үлгідегі киімдерге басымдылық беріңіз. Оларға мезгілдік сәнді киімдер арқылы нәр беруге болады. Мысалы, жоғары сапалы тоқыма матадан тігілген түзу қара шалбарды лакпен қапталған былғары күртешемен, қалың матадан тігілген пиджакпен немесе тоқылған жемпірмен кисеңіз болады.
Мезгілдік сән: гардеробты жаңартудың оңтайлы жолы
Дүкенге бармас бұрын сән журналдарын бір ақтарып шығыңыз – қазіргі таңда қандай түстер, үлгілер өзекті екенін біліңіз. Дүкен аралауға арнайы шығыңыз, барлық ұнатқан киімдерді киіп көріңіз. Асығып жүріп немесе көңіл-күйіңіз болмағанда сауда жасамаңыз – алған киіміңіздің кейін көңіліңізден шықпай қалу қаупі артады.
Сатып алатын киіміңізді немен киюді жоспарласаңыз, сол киімді киіп барғаныңыз абзал. Мысалы, жакет немесе кардиган сатып алмақшы болсаңыз, соны үйлестіріп киетін шалбар немесе джинсыны киіп барыңыз. Көйлек немесе сарафан сатып алуды жоспарласаңыз, соған сәйкес аяқ-киіміңізді ала барыңыз.
Жаппай сатылым кезінде сауда жасауға асықпаңыз: арзан бағадағы киімге ұмтыламын деп ойлаған шалбар мен пальтоның орнына тағы бір жүк болатын водолазка немесе футболка алып қоюыңыз мүмкін.
Мезгілдік сәнді бұйымдарға назар аударыңыз. Негізгі гардеробты жаңарту үшін сол мезгілдегі өзекті бұйымдарды қосуға болады – мысалы, жарқын трикотаж немесе ерекше пішімдегі белдемше. Қымбат киімдер алу маңызды емес – мезгілдік жаңа киімдерді оңтайлы бағалармен де сатып алуға болады. Есесіне мұндай киімдерді тағы бірнеше жыл киесіз.
Артықшылықтарыңызды айқындайтын, кемшіліктеріңізді жасырып тұратын киімдерді ғана алуға тырысыңыз. Егер көйлек денеңізде мінсіз тұрмаса немесе пішініңізге сай емес болса, алмағаныңыз жөн. Өлшеміңізге сай емес киімдерді де сатып алмаңыз – арықтасам, не толсам киемін деген үмітпен алынған киім көбіне гардеробта шаң басып жатады.
Міндетті түрде сәнді аксессуарлар алыңыз: әдемі сөмке немесе клатч, ыңғайлы туфли, былғары белдік және бижутерия. Мұндай ұсақ-түйектер әдеттегі киімдерге нәр беріп, бейнеңізді сәнді әрі тартымды етеді.
Сурет: www.colady.ru, moda-review.com, www.vsh.is
Дайындаған: Анар Мұстафина