- Негізгі бет
- Сән
- Киім сатып аларда...
Киім сатып аларда өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз!
Әлем бойынша дүкендерде жеңілдіктер кезеңі басталды. Ол 11 қараша күні басталғанымен, кей дүкендерде бір аптаға дейін созылады. Мұндай жеңілдіктер кезінде көпшілік адам тиімді шопингке алдын ала дайындалмайды, сондықтан ойластырылмаған заттар алады. Бұл артық шығындалуға және жиі аса қажет емес зат алуға әкеледі. Ендеше, жеңілдікпен жаңа киім сатып аларда өзіңізге мына 5 сұрақты қоюға кеңес береміз.
1. Бұл киім менің басқа киімдеріммен үйлесе ме?
Мысалы, сіз алғыңыз келіп тұрған белдемшеге үйлесетін жейдеңіз болмаса, оны басқа қандай киіміңізбен кие алатыныңызды ойлаңыз. Егер онымен үйлесетін ешқандай киім болмаса, бұл белдемшені кейінге қалдырыңыз.
2. Менде осыған ұқсас киімдер бар ма?
Сізде гүлді принті бар бірнеше көйлек болса, оның тағы біреуін алудың қажеті бар ма? Бірақ бұл ереже базалық киімдерге қатысты емес. Жолыңыз болып, өзіңізге жарасатын және дене пішініңіздің типіне дәл келетін базалық футболка немесе қара шалбар тапсаңыз, оның бірнешеуін алып алуға да болады.
3. Бұл киім қандай материалдардан жасалған?
Сапалы киімдерге көбірек мән беруге тырысыңыз. Сапалы киім денсаулығыңызға зиян келтірмейді және сізге ұзақ қызмет етеді. Сондықтан киімдердің құрамын оқып үйренген жөн. Мысалы, акрилден тігілген синтетикалық свитер бір немсе екі маусымнан соң тозады, ал табиғи жүннен жасалған жемпір сүйікті киіміңізге айналады.
4. Бұл киімді жеңілдіксіз алар ма едім?
Salе сөзін көргенде көпшілік киімдерді ойланбастан ала салады. Егер гардеробыңызда он шақты белдемше бар болса, жеңілдікпен тұрғандықтан ғана оның тағы біреуін алудың қажеті жоқ.
5. Мен бұл киімді ертең алар ма едім?
Дүкенге нашар көңіл күймен келіп, пакетке жаңа көйлекті салып алып, көңіліңіз көтеріңкі күйде үйге қайтуыңыз мүмкін. Бірақ жаңа киім сатып алу көңіліңізді тек уақытша көтереді. Бір тәуліктен соң жаңа киіміңіз сізге жараспайтын немесе онымен үйлесетін ешқандай киім жоқ болып шығуы мүмкін.
А. Жапатова