Бүгінгі сәнді киімдердің тарихы ортағасырдан бастау алады. Сол сияқты кейптің ыңғайлылығын сонау ортағасыр батырлары бағалап кеткен. Суық күнде жылу беретін бұл киіммен ерлер ұйықтаған, қаруларын жасырған, ат үстінде еркін шапқан.
1960 жылы сәнгер Пьер Карден кейпті сәнге енгізеді. Бұл киім тек батыста ғана таралып қоймай, Кеңес Одағының қазымыр сәнқойларының да көңілінен шыға білді. Ағылшын тілінен «кейп» («cape») «жамылғы» деп аударылады. Осыған ұқсас киім ортағасырда танымал болатын – кең капюшонды және мойнында ілгегі бар ұзын жамылғы сол ғасырда романтиканың нышаны еді. Еркіндікті жалау еткен 60-шы жылдарда кейп қысқартылып, геометрияландырыла түсті (формасы трапецияға ұқсас болды) және түрлі түстерге боялды. Содан бері ол дизайнерлердің күз-қыс топтамаларында жиі кездесетін болды.
Кейп – бұл пальто мен плащтың ортасындағы сырт киім. Денеде бос тұрады. Оның жеңі қысқа болады немесе қолға арналған тілігі болуы мүмкін.
Үйлестіру жағынан да кейп әмбебаптығымен ерекшеленеді. Кез келген ұзындықтағы кешкі көйлек және кішкентай клатчпен киілген кейп бейнеңізге зиялылық береді. Ол классикалық немесе шолтаң шалбармен және қарындаш-белдемшемен тамаша жарасады, сол себепті оны күнделікті офистік киімдермен үйлестіруге болады. Көбі кейпті жылы жемпір немесе тоқылған көйлектің сыртынан киеді. Бір кемшілігі – бұл киім суық күндері аса ыңғайлы емес. Кейптің нағыз уақыты – көктем мен күз мезгілдері. Кейпті түрлі аксессуарлармен үйлестіру қарастырылған: мысалы, ұзын былғары қолғаптарпен, қалпақпен, беретпен, танамоншақпен.
Сурет: www.liveinternet.ru, www.wwd.com, 4thoitrang.com
Дайындаған: Анар Мұстафина