Кеңсеге киюге болатын 5 сәнді шалбар

Кеңсе гардеробын жалықтырғыш санайтын адамдарға жұмысқа киюге болатын 5 әдемі шалбар түрін ұсынамыз.

Егер күні бойы уақытыңыз кеңседе өтсе, классикалық шалбар алмасқа болмайды. Оның бірнеше сәнді түрін алып қойсаңыз, басқа киімдермен оңай үйлестіре аласыз.

Банан-шалбар
Мұндай шалбардың сан жағы кең болып келеді де, төмен қарай жіңішке бола түседі. Банан-шалбарлар бұрын сәнде болған, ал қазір қайта оралып жатыр. Ол көпшілік әйелге ыңғайлылығымен ұнайды. Дизайнерлер банан-шалбарды өкшесі бар аяқ киіммен және жакетпен үйлестіруді ұсынады.

Клеш шалбар
Клеш шалбар бұрын теңізшілердің жеке киімі болған. Уақыт өте ол әйелдер гардеробынан орын табады. Қазір олар сәнге хиппи стилінде қайта оралды. Кеңсеге ойланбастан қара клеш шалбар алуға болады. Егер оны биік өкшелі аяқ киіммен кисеңіз, ол визуалды түрде бойды ұзартып көрсетеді.

Жіңішке шалбар
Мұндай шалбар аяққа жабысып тұрады және оның балағы қысқартылған болып келеді. Оны биік өкшелі және жай табанды аяқ киімдермен кие беруге болады. Оның кеңсеге арналған түрлері көп.

Классикалық тік шалбар
Кеңсеге арналған базалық киім – ол классикалық тік шалбар. Ешқандай сәнді детальдары жоқ қарапайым классикалық шалбар – "сәннен шықпайтын" киім. Тек оның белі жоғары тұратын түріне мән беріңіз. Сол кезде онымен түрлі стильдегі киім үлгілерін жасауға болады.

Палаццо шалбар
Сан жағынан бастап балағына дейін өте кең тұратын шалбарды палаццо дейді. Олар ең ыңғайлы шалбар десек қателеспейміз. Оны аларда ұзындығын дұрыс таңдау керек: қандай аяқ киім (биік өкшелі немесе жай табан) жиі киетініңізді ойлаңыз. Палаццо шалбар өте стильді көрінеді. Палаццо шалбардың өзі ерекше көрінетіндіктен оны кез келген қарапайым базалық киіммен үйлестіре аласыз.