Әрбір жан өзінің келбетімен, дене сымбатымен және мінез-құлқымен ерекшеленеді. Бұл кемшілік емес, жетістік.
Егер өзіңіздің киіну стиліңізді осы ерекшелігіңізбен үйлестірсеңіз, кино жұлдыздарынан да асып түсесіз десек, артық айтқандық болмас.
Ол үшін дүкендердегі дайын киімдерді сатып алғаннан гөрі өзіңізге арнайы тіктіргеніңіз жөн. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін елімізде тігін цехтары мен ательелері көп болған.
Нарыққа дайын киімдер көптеп шығарылғаннан кейін мұндай қызмет көрсету орындарының көбі жабылып қалды. Дегенмен әлі де арнайы мамандар табылып жатады. Жарнамамен айналысатын газеттерден, интернеттен іздестіріп көріңіз, таныстарыңыздан сұрастырыңыз. Әсіресе біршама тәжірибесі бар, бұрынғы ірі цехтарда жұмыс істеген мамандарды тауып алсаңыз, бақытыңыздың жанғаны.
Дамыған елдерде бұл үрдіс сақталып келеді, алайда қызмет түрі өте қымбат болғандықтан, қолы жеткендер ғана тіктіреді.
Дене сымбатына көңілі толмайтындар, стандартқа сай емеспіз дейтіндер тігіншілерге өздері қалаған матадан жеке тапсырыс бере алады. Тігінші, яғни, кәсіби маман қандай кемшілікті болсын бүркемелеп, сымбатты жеріңізді керісінше, одан сайын әдемі етіп көрсете алады. Мысалы, «алмұрт» пішіндегілер өзінің кішкентай иығы мен кеудесіне, толықша бөксесіне көңілі толмауы мүмкін. Есесіне белі жіңішке болып келеді.
Тігінші оған кеудесіне бант, желбіршектер, қабатталған жағалары бар, белін қынай буылатын, кең етек көйлек тігуді ұсынатыны сөзсіз. Кеудені қабаттау, детальдар салу немесе кеңірек пішу тек сән үшін ғана емес, кеудені үлкейту мақсатында қолданылады. Ал бөксенің үлкендігін кең етек бүркемелеп жібереді. Нәтижесінде сымбаты мінсіз болып есептелетін «құмсағат» болып шыға келесіз.
Ендігі мәселе мата таңдау. Бұл туралы келесі мақаламызда сөз етеміз.
Сурет: blogspot.com
Ұқсас жазба:
Түстерді үйлестіруді үйренейік