Қазір қандай түсті маникюр сәнде?

Қазір қандай түсті маникюр сәнде?
Фото: pinterest.ru

Бірнеше мерзім қатарынан жасыл түстің реңктері сәндегі орнын сақтап келеді. Бұл түсті киімнен, макияждан және маникюрден де байқауға болады.

Көктемде жасыл түстің танымалдылығына тек күлгін түс ілесе алады. Бұл мерзімде нәзік ашық жасылдан батпақ түске дейінгі жасылдың барлық реңкі сәнде болады. Оның нәзік реңктерін көктемгі жылы күндерге қалдырып, қазір қанығырақ түсіне мән беруді ұсынамыз. Көк-жасыл, қою жасыл және хакки тырнақта әдемі көрінеді. Мұндай түсті маникюрге ешқандай дизайн қолданбай-ақ та ол стильді көрінеді.

Трендте болу үшін тырнақты тұтас жасылмен бояу міндетті емес. Оны нейл-арттың бір элементі ретінде қолдануға да болады. Жасыл түстің барлық реңкі геометриялық дизайндарда ұтымды көрінеді. Оның үстіне қазір әр тырнақты әртүрлі етіп безендіру, мысалы, тырнақ дизайнын кішкентай баланың суреті секілді жасау сәнге айналуда.

Егер сізге біртүсті қаптама ұнамаса, маникюріңізде бір уақытта бірнеше түсті қолданып көріңіз. Ол жасыл түстің әртүрлі реңктері немесе жасылға қарама-қарсы түстер — күлгін, қызғылт-сары, сары немесе көк болуы мүмкін. Сондай-ақ түрлі түсті френч сәнде екенін ұмытпаңыз. Мысалы, жасыл түстің реңктерін қолдана отырып, френч жасатсаңыз, мұндай маникюр ерекше көрінеді.

А. Жапатова