Қазақстанның ең сәнді жанкүйері

Лондонда өтіп жатқан Олимпиада ойындарына жерлесіміз Жанна де ла Померай қазақстандық жанкүйердің образын жасауға бір жыл бойы дайындалған екен. Ол Қазақстан мен Олимпиада өтіп жатқан Ұлыбританияның туларын қосып, әдемі көйлек тігіп, Олимпиадаға аттанған. Жаннаның айтуынша әдемі көйлек арқылы Қазақстанның әдемі туын, екіншіден біздің елде де осындай жарқын жанкүйерлер барын көрсетуді мақсат тұтыпты. Сөйтіп, көйлектің 70% Қазақстан туына, ал 30% Ұлыбритания туына арнаған.

Қазақстан туын тігу үшін таза жібек матаны арнайы Мәскеуден алдыртқан. Матаның түсі компьютермен арнайы таңдалып, ақық көк түс ашық аспан түсті туымызға керемет үйлесіп кетті дейді дизайнер. Сонымен қатар, Ұлыбританияның туы да сәйкес түсті маталармен тігілген. Көпшілік ойлағандай бұл дайын ту емес.

Көйлекті тігудегі ең қиын жұмыс, ою-өрнектерді орнату болған. Әрбір үш элемент – күн, қыран және ою-өрнектер страза, моншақтар және паеткалармен тігілген.

Бұл көйлекті тігу үшін көп уақыт пен бірнеше ұйқысыз түндерді өткізген. Алайда еңбегі босқа кеткен жоқ, көйлек өте әдемі, патриоттық және Олимпиада тақырыбына сай келіп тұр!

Олимпиада ашылуы кезінде аспан түстес әдемі көйлекті көрген жұрт сүйсіне тамашалаған. Жан-жақтан суретке түсіп, бұл Қазақстанның туы екенін біліп жатты.

Жанкүйердің бұл еңбегі сол жақтағы спортшыларға да рух беріп, екінші жағынан осындағы бізге де мақтаныш сезімін ұялатқаны сөзсіз. Адамның ұлтшылдығы мен отансүйгіштігі осындай дүбірлі додаларда шарықтай түседі, шабыттандырады. Отандасымыздың өнеріне осы жақта отырған біз де қуанып, елімізді сән жағынан да танытқанына ризамыз.

Суреттер Жаннаның look.tm сайтындағы жеке блогынан алынды

Дайындаған: Анар Мұстафина