- Негізгі бет
- Сән
- "Қазақстандық сәнді күллі...
"Қазақстандық сәнді күллі әлемге танытатын алғашқы қазақ қызы болғым келеді"
Қазақстандық сән бүкіл әлемге танылуы мүмкін. Бейжің институтында оқитын жас дизайнер Айжан Жүзбай әлемдік фэшн-индустрия нарығына шығу ниеті бар екенін айтады. Біз Айжанмен кездесіп, қазақстандық және қытайлық сән нарығы туралы әңгімелескен едік.
"Қытайда өндіріс сауатты жолға қойылған, бұл жақта бізбен жұмыс істейтін қауым бар. Әлбетте, нарық үлкен, мүмкіндік те көп, сондай-ақ бұл жақта шығармашылық мамандық иелеріне белсенді түрде қолдау білдіреді. Қытайда қатаң сын болмайды дер едім, бұл өз кезегінде қиялдауға жол ашып береді. Ал біздің елде ісін жаңа бастаған жас дизайнерлердің қазақстандық сән шараларына қатысуы оңай емес, олар көбіне "жабық түрде" немесе "өз арасында" ғана ұйымдастырылады", - дейді ол.
Айжанның айтуынша, қазақстандықтардың 80 пайызы жақсы әрі сәнді киінеді. Дегенмен тұрғын саны аз болғандықтан, елімізде фэшн-бизнес жоқ. "Salta-ны алып қарасақ, ол көбіне масс-маркет үшін тігеді, оның көзқарасы тың, бағыты жақсы. Аида Қауменованың киімдері болса, әртістерге, қалтасы көтеретіндерге арналған. Олардың киімдері арзан емес, ал менің киімдерім одан да қымбат болады деп ойлаймын. Мен өңірдегі ательеде қалып қоймай, әлемдік нарыққа шыққым келеді. Мен қазақстандық сәнді күллі әлемге танытып, ірі компаниялармен жұмыс істейтін алғашқы қазақ қызы болғым келеді. Қазақстанда бай адамдар өте көп, оларды бірдеңемен таңғалдыру да оңай емес. Олар отандық дизайнерлерге қарағанда, шетелдік дизайнерлерді құп көреді. Сондықтан өзіміздің сапалы өнімдерімізді жасауымыз керек", - деп қосады арманы асқақ қазақ қызы.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық өнімдер жыл сайын Kazakhstan Fashion Week сән апталығында көпшілікке ұсынылады. Шараның жыл сайынғы тұрақты қатысушы дизайнерлері де бар. Сән апталығы үш күн бойы көктем мен күзде өтеді.
Автор: Роза Есенқұлова
Сурет: ©Айжан Жүзбай
Р. Роза