Танымал адамдар әрдайым жұрттың назарында – олардың әр қимылы мен таңдаған киімі, жасаған шаш үлгісі БАҚ беттерінде жаңалыққа, ал кейде көпшіліктің өсек-әңгімесіне айналады. Қарапайым қыздар танымал адамдарға ұқсағысы келеді, стильдерін қайталайды. Ал қазақстандық шоу-бизнестің нәзік жанды өкілдері қандай стильді таңдайды, қайдан киінеді екен? Олардың түрлі БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарынан осы тұрғыдағы ойларын топтастырған едік.
Мақпал Исабекова, әнші: «Мен өзіммен тонна косметика алып жүрмеймін. Сөмкемнің ішінде ақша, далап, айна – көбіне осы заттар болады. Және үйден көзілдіріксіз шықпаймын. Барлық образдарымды өзім таңдаймын. Мен сәнқой адаммын, кішкентай кезімнен тігумен, заттарды қайта өңдеумен айналысамын. Болашақта өз коллекциямды ұсынып жатсам, таң қалмаңыздар. Түрлі образдар ойлап табуды жақсы көремін және кейде бір-біріне сәйкес келмейтін заттарды үйлестіріп жіберетін қасиетім бар. Мен әртүрлі бола аламын – классикалық немесе анимэ стилінде, бәрі көңіл-күйіме және баратын жеріме байланысты. Сахнаға биік өкшелі аяқ киімсіз шықпаймын, әрине, егер ұзын көйлек киіп шығу керек болса, мен ол талаптарды орындаймын. Бірақ сахнада болсын, жай өмірде болсын, трендке, сәнге байланып қалғым келмейді. Мұның бәрі өткінші. Стильді көрінуге талпыну керек, өзіңе тән стильді тауып, соны дамыту керек».
Мадина Балғабаева, тележүргізуші: «Қаншама жыл эфирге шығып жүргендіктен, өмірдегі стилім де айқын, жинақы болып қалыптасты. Мен сән трендтерінің құрбаны емеспін. Гардеробымда көп киім болмаса да, барлық киімім сапалы. Шын айтсам, мен бижутерия таға алмаймын. Таға алмаймын дегеннен гөрі, ондай қажеттілік жоқ десем дұрыс болар. Оны қолдану, жинау дегеннің өзі маған ойға қонымсыз. Бәрінің мол болуы керек деген қағиданың мен үшін еш мәні жоқ. Менің сапалы костюмім, жақсы бір жейдем бар екенін білемін және бұл маған жеткілікті. Бұл тұрғыда мен кертартпа адаммын».
Лидо, әнші, дизайнер: «Мен әртүрлі стильдегі киімдерді кие беремін, спорттық стильден бастап, рокерлік, нәзік стильге дейін. Мен өзіме тән образ қалыптастырғандықтан, елдер мені басқаша емес, осы қалпыммен қабылдайды. Бұл пиардың бір бөлігі, брендті танымал ету. Мысалы, Дита Фон Тизді біз аққұба терісі мен қызыл далап, корсет, шұлық және басқаларынсыз елестете алмаймыз, алайда камера жоқ кезде ол мүлде басқа екеніне сенімім мол. "Гранж" және "панк" деген сияқты трендтерге де көзқарасым түзу, ең бастысы бұл адамға жарасып тұрса, өзін сенімді сезінсе болғаны».
Айсұлу Әзімбаева, актриса: «Менің гардеробтағы сүйікті киімім – бұл қарапайым топ. Мен джинсыға үзілді-кесілді қарсымын. Өте ыңғайсыз киім. Маған белдемше, көйлектер жақын. Танымал бренд, маркаларға қызығушылығым жоқ. Бірақ анам екеуміз Salta брендінің табынушыларымыз. Бұл әзірге мақсатты түрде киім алуға баратын аз дүкендердің бірі».
Әсел Сағатова, актриса: «Мен көйлек те, джинсы да киіп жүре беремін. Бәрі қайда баратыныма және ауа райына байланысты. Жаяу жүруді ұнататындықтан, аяқ киімнен балеткаларды жақсы көремін. Ал брендтерге келер болсақ, Кира Пластининаның киім үлгілерін таңдаймын. Ол ұсынатын киімдердің дерлігі әдемі, жарқын және кербездікке тұнып тұрады. Оның LUBLU киімдер желісіне тамсанамын. Ондағы сәнді көйлектер қызыл кілемде жарқырап жүру үшін тігілгендей».
Назым Ғаділбек, виджей: «Мен бұрын кэжуал стилінде жүре беретінмін. Бірақ біраз уақыт бұрын әнші, қазір дизайнер ретінде танылып жүрген Лидо құрбым екеуміздің арамызда салмақты әрі бәрін өзгертуге ықпал еткен әңгіме болды. Және дәл ол стилімді өзгертуге ықпал етті, биязылыққа бет бұруыма кеңес берді, көйлек, белдемше, әдемі жейделерді көбірек таңдау керектігімді айтты. Менің образым мен стилім түбегейлі өзгерді. Және қазір мен өзімді өте жайлы сезінемін. Маған отандық дизайнерлеріміздің өнімдері ұнайды. Lido-дан біраз көйлектер бар және гардеробым Михаил Кравецтің киімдерімен толығып келеді. Dolce&Gabbana маркасын ұнатамын – олардың әр жаңа коллекциясын бақылауда ұстаймын. Және де, күнделікті өмірде Zara, Mango, Mex, Fin Flare дүкендерінде сауда жасай беремін. Қалай болғанда да, өзгеше болуды қалаймын».
Сурет: look.tm, yvision.kz, season.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина