Өнер адамы әрдайым көпшіліктің алдында жүргендіктен олардың таңдаған киімі, сөйлеген сөзі, ісі, бәрі қарапайым халыққа әсер етпей қоймайды. Жанкүйерлері оларға еліктейді, ұқсағылары келеді. Бейсаналы түрде жұлдыздар жұртқа сәнді, мәдениетті, өнерді насихаттаушылар. Қазақ өнерпаздары Қазақстанның қытымыр қысына қандай киімдерді таңдап, не киеді екен? Біз олардың Инстаграм әлеуметтік желілерін ақтара отырып, топтастыруға тырыстық.
Асылхан Төлеповтың таңдаған ақ күртешесіне қарап, ыңғайлылықты қалайтынын байқауға болады. Бірақ Асылханның бұл күртешесі Алматының қысына есептелген сияқты...
Басқа кездері Асылханның басынан мына малақай табылады.
Асылхан сияқты Айқын Төлепберген де қарапайымдылықтың табынушысы екенін мына суретінен аңғаруға болады. Ақ түс кір көтермейді десек те, әншілер үшін бұл бас ауыртар проблема емес.
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева сәнқой арулардың бірі. Оның Инстаграм желісі жасаған тағамдары және өзінің әдемі бейнелеріне толып тұр. Кездесулер мен түсірілімдерге осындай биязы образдар таңдаса...
...Қыстың қытымыр аязында мамық күртешесін киіп шығады.
Актриса, әнші Салтанат Бақаева үстіне қарапайым мамық күртеше кисе де, басына сәнді телпек киіп, бәрібір ерекшеленудің жолын тауыпты.
Ал кейде басына осылай әдемілеп орамал байлап, биязы келіншектің образын үгіттейді.
Байқағанымыздай, шоу-бизнес өкілдері ашық түстерге құмар екен. "All давай" тобының мүшесі Шухраттың таңдауы да ашық көк түсті күртешеге түсіпті. Ал Даниярдың мойнындағы үлкен шарф талғаммен таңдалғаны көрініп тұр.
Әнел Әрінова мен Аида Жантілеуованы жұрт киімдеріне қарап қарсы алса да, ақылдары мен өнерлеріне қарап шығарып салары анық.
Әлидің қалпаққа деген құмарлығын байқаған боларсыздар? Бұл жолы қалпағын жанындағы досы киіп алған сияқты. Былғары күртеше - Әлидің қыс мезгіліне таңдауы.
Баян Есентаева Астананың аязына жып-жылы ішікті таңдаған екен. Бұл қалпында, әлбетте, ешқандай аяз оған қорқынышты емес.
"Орда" тобының мүшесі Есболат Беделхан түр-әлпетіне эксперимент жасауға құмар. Соған байланысты таңдайтын киімдері де ерекше.
Әнші Динара Сұлтанды сәнқой аналардың қатарына жатқызуға болады. Талғаммен таңдалған күртешесі, бас-киімі мен шарфы өзі барған еуропалық стильге сай.
Мейрамбек Бесбаев бар жағынан қарапайым. Тіпті киім таңдауда да.
Әнші, тележүргізуші Ерке Есмаханның бас киімі мен сөмкесіне қарап, қайсын бірінші сатып алды екен деген ойға қаласың. Қалай болғанда да, өте сәнді.
"Жігіттердің" ішінде ең сәнқойы Айдар ма деп қалдық. Басына киген қою сары шапкасы мен қолына ұстаған дәу былғары сөмкесі иесі жайлы бәрін айтып тұрғандай. Сонымен қатар, Бағланның телпегі мен пальтосы сырбаздықтың белгісі.
Жазира Байырбекова қоянның терісіндей әппақ ішік таңдапты. Мұндай ішікпен Қазақстанның қиыр солтүстігіне аттансаң да қорқынышты емес.
Ал жұбайы Жанболат қарапайым күртешені қанағат тұтыпты. "Ең бастысы әйелім сұлу болып жүрсін" - дегені ғой. Сол сияқты "Ринго" тобының мүшелері де талғаммен таңдалған күртешелеріне риза.
Мақпал Исабекова да киімдері арқылы түрлі эксперимент жасаудың шебері. Мына бейнесі оның ұшқыр қиялынан туындаса керек.
"St-brothers" тобының мүшесі Серіктің шарфы бейнесін жақсы ашып тұрғанын байқаймыз. Бірақ мына аязда бұдан да қалыңырақ киініп жүріңіз деп кеңес береміз.
Суреттер жұлдыздардың Инстаграм желілерінен алынды
Дайындаған: Анар Мұстафина