"Қазақстан Аруы-2013" байқауына қатысушы қыздар таныстырылды

5 желтоқсан күні өтетін "Қазақстан Аруы-2013" байқауының ақтық мәресіне қатысу үшін Алматыда Қазақстанның ең сұлу 25 аруы жиналды.

1997 жылы негізі қаланған "Қазақстан Аруы" ұлттық сайысы биыл 17-ші рет өткізіледі. Өз қаласындағы аймақтық сұлулық сайыстарының жеңімпаз 25 аруы "Қазақстан Аруы-2013" атағы үшін бақ сынасатын болады. Қазірде қыздар кәсіби фотосессияға түсіп, түрлі қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүр. Алда олар қайырымдылық балына, журналист қыздар командасына қарсы мини-футбол ойынына, автожарысқа, шырша отырғызу шарасына қатысып, перзентхана үйіне сыйлықтар табыстауға барады. Оған қоса биылдан бастап "Қазақстан Аруы" атанған ару 2017 жылғы қысқы Универсиаданың ресми өкілі болады. Ол Универсиадаға байланысты барлық халықаралық шараларға, жобаларға қатысады деп жоспарлануда. Бұл да "Қазақстан Аруы" сайысының беделін өсуіне өз септігін тигізеді деп сенеміз.

5 желтоқсан күні болатын "Қазақстан Аруы-2013" байқауының ақтық финалында қыздардың арасынан ең сұлу, ең ақылды мен тапқырын әділ қазылар: "Казақфильм" киностудияның президенті Ермек Аманшаев, дизайнер Құралай Нұрқаділова, бизнесмен Арманжан Байтасов, Тимур Куватов, Александр Орлов, фотограф Данил Олейник, Айгүл Мукей, Совет Сеитов және тележүргізуші Серік Акишев таңдайды. 

"Қазақстан Аруы-2013" байқауына қатысушы арулар тізімі:

1. Әсел Спабекова ("Вокал Аруы"), 21 жас
2. Айгерім Үзембаева ("II вице-мисс Алматы-2012"), 23 жас
3. Юлия Лукина ("I вице-мисс Алматы"), 21 жас
4. Альбина Федорова ("Университет Аруы"), 22 жас
5. Вера Душина ("Дефиле Аруы"), 20 жас
6. Айдай Исаева ("II вице-мисс Алматы-2013"), 24 жас
7. Мәдина Дәулетова ("Фотосурет Аруы"), 23 жас
8. Нұргүл Сәлімова ("Ақтобе Аруы"), 21 жас
9. Назерке Файзуллина ("Атырау Аруы"), 16 жас
10. Адиля Туржанова ("Спорт Аруы"), 17 жас
11. Камиля Өмірзакова ("Қостанай Аруы"), 17 жас
12. Әлем Мақанбекова ("Семей Аруы"), 18 жас
13. Сабина Оразбаева ("Өскемен Аруы"), 16 жас
14. Айгерім Шоғалова (" Талдықорған Аруы"), 19 жас
15. Әсем Ізбасқанова ("Шымкент Аруы"), 21 жас
16. Диана Кеңесова ("Қарағанды Аруы"), 18 жас
17. Лаура Шамгунова ("Көкшетау Аруы"), 18 жас
18. Айдана Елемесова ("Ақтау Аруы"), 18 жас
19. Милана Жумағалиева ("Мисс Модель"), 17 жас
20. Айгерім Әлібекова ("Павлодар Аруы"), 18 жас
21. Махаббат Такишева ("Мисс Уральск"), 22 жас
22. Айгерім Смағұлова ("Астана Аруы"), 19 жас
23. Әсел Тұржанова ("Туризм Аруы"), 21 жас
24. Ғалия Шаймұхаметова ("КазМҰУ Аруы"), 22 жас
25. Яна Шик ("Стиль Аруы"), 17 жас

Қыздар Қазақстанның аймақтық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары болып табылады, ал қала атымен емес, "Спорт Аруы" сынды номинацияға ие арулар қатысушы қыздардың санын толықтырып, 25-ке жеткізу үшін тағайындалды. Айта кетсек, номинацияға ие арулар да түрлі аймақтық сұлулық сайыстарының жеңімпаздары болып табылады. Осы жылы "Астана Аруы-2013" жарысы дұрыс дәрежеде өткізілмеді деп танылып, оның жеңімпазы  Динара Жақашбаева мен Руслана Терешена орнына Айгерім Смағулова мен Әсел Тұржанова қатысады деген шешім қабылданды. 

"Қазақстан Аруы-2013" байқауының финалында тәжін жаңа "Қазақстан Аруына" тапсыру үшін "Қазақстан Аруы-2012" Жазира Нұрымбетова осы жылы халықаралық "Әлем аруы-2013" байқауына бара алмай қалған болатын. Алайда Жазира халықаралық сайысқа келесі жылы аттанады деп жоспарлануда. Ал қазір ол "Қазақстан Аруы-2013" байқауының ұйымдастырылуына белсенді қатысып жүр. 

"Осы жылы әділ қазылардың жұмысы өте қиын болады: 25 қыздың әрқайсысы ерекше сұлу. Оған қоса қыздар азаңнан түнге дейін дайындық үстінде, мысалға кеше түнгі 3-ке дейін фотосессия болды. Өзім үшін фаворит аруды таңдап үлгермедім, қыздармен жақын танысуға уақыт болмады, сонда да "Қазақстан Аруы" тәжін лайықты аруға тапсырамын деп сенемін. Өзім "Әлем Аруы" халықаралық байқауына қатысуға дайындық үстіндемін", – дейді Жазира Нұрымбетова.

 

Естеріңізге сала кетсек, "Қазақстан Аруы-2013" сұлулық байқауы 5 желтоқсан күні Алматыдағы Республика Сарайында өтетін болады. Сіз қай аруға жанкүйер боласыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: Айжан Түгелбаева