Қазақ әйелінің сырт киім атаулары

Сән мен сымбаты жарасып, ақыл нұры жүзінен төгілген қазақ әйелінің сырт киімдерінің өзі бар тоғанақ. Олар қырмызы тоннан басталады.

Қырмызы тон – қыз-келіншектерге арналып қызыл масатыдан тігілген қаптал шапан.

Белдемше – той-думанда көйлек үстінен киетін сәнді киім үлгілерінің бір түрі. Той киімі ретінде жаңа түскен келінге де арнап тігеді.

Кеудеше – кеудеге киетін сырма, жұқа жеңіл киім.

Кәзекей – жеңі жоқ, жағасы кеңірек ойылған, белден төменірек түсетін, бағалы матадан тігілген жеңіл киім.

Қамзол – көйлек сыртына киетін жеңсіз не шолақ жең сәндік әрі жұқа жұмыс киімі.

Кіреуке – алтын тінді жіппен тігілген аса қымбат, сәнді жібек шапан.

Тізеқап – суықта, аязды күндері киетін ауы, ышқыры жоқ екі балақ.

Ішік – қымбат бағалы аң терісінен тігілген ішіктердің қыз-келіншектерге арналған түрі. Олар манат ішік, жанат ішік деп бөліне береді.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: art.eubank.kz