Көктем — өзгерістер уақыты. Әйелдер сырт келбетін өзгерткісі келсе, оны шаш үлгісінен бастайды. Көктемнің ең сәнді шаш үлгісі қандай?
Осы маусымда сән көрсетілімдеріндегі модельдердің сырт келбетіне жауап беретін дизайнерлер мен стилистер бір ауыздан ең сәнді шаш үлгісі — боб деп шешті. Себебі подиумға модельдердің көпшілігі иықтан сәл жоғары тұратын каремен шықты. Алайда, атақты сәнқой қыздардың өз таңдауы бар. Олардың ойынша, көктемнің ең сәнді шаш үлгісі — каскад. Соңғы бірнеше айдың өзінде Эльза Хоск, Кендалл Дженнер, Хейли Бибер және әлеуметтік желілердің басқа да жұлдыздары өздерінің үйреншікті шаш үлгілерін каскадқа ауыстырып үлгерді.
Каскад шаш үлігісі, белі төмен тұратын шалбар және жұқа қас 2000-жылдардан қайта оралды. Каскадтың оралғанына тек қуануға болады. Себебі ол кез келген ұзындықтағы және кез келген типті шашқа келе береді. Каскадта әртүрлі ұзындықтағы шаштар кезектесе орналасады: төбе жақтағы қысқа шаштардан бастап ұзындығына қарай бірқалыпты ауысып отырады.
Оның басты артықшылығы — ең жұқа шаштың өзіне көлем сыйлауы. Каскад тек түзу шашқа емес, сондай-ақ толқынды және бұйра шашқа да жарасады. Каскад шаш үлгісіне кекіл қойсаңыз, ол одан әрі әдемі әрі стильді көрінеді.