Сәнді кардиган — кез келген жастағы әйелге жарасатын гардеробтағы ыңғайлы киімнің бірі. Стильді кардиган кез келген киім үлгісін ерекше аяқтауға көмектеседі. Оны көптеген киімдермен үйлестіруге болады. Ендеше, көктемде оны сәнді етіп киюдің бірнеше тәсілін ұсынамыз.
Шалбардың ішіне салып кию
Кардиганды көбіне сыртқы киім ретінде киеміз. Алайда оның жұқа әрі жеңіл түрін футболканың немесе топтың орнына киіп, оны шалбардың ішіне салып киюге болады.
Водолазканың сыртынан кию
Кардиганды водолазканың сыртынан кию өте әдемі көрінеді. Оның үстіне бұл әдіс салқын күндері жылы жүруге көмектеседі. Водолазканың кардиган түсіне жақын болуы міндетті емес, ерекше көрінуі үшін керісінше, қарама-қарсы түстер таңдасаңыз болады.
Жейденің сыртынан кию
Іскерлік киім үлгісінің жылы болғанын қаласаңыз, жейденің сыртынан кардиган киіп алуға болады. Бұл әдіс қатаң кеңсе киімін сәл «жұмсартуға» көмектеседі. Сондықтан жұмыстан шыққан соң киімдеріңізді ауыстырмай-ақ, мұндай киім үлгісімен кез келген кездесуге бара бере аласыз.
Кең шалбармен үйлестіру
Денеде бос тұратын кардиган балағы кең шалбарлармен жақсы үйлеседі. Кардиганды жайлап шалбардың ішіне салуға немесе оның бір шетін бос жіберуге болады. Бұл жағдайда киім үлгісінің ұқыпсыздау (ретсіз) көрінгені жақсы.
Былғары шалбармен кию
Былғары шалбармен кең тұратын жұмсақ кардиган жақсы үйлеседі. Былғары мата қатты әрі дөрекі келеді, сондықтан оны жұмсақ кардиганмен үйлестірсеңіз, киім үлгісі жайлы көрінетін болады.
Белдік тағып кию
Киімнің кең тұрғанын ұнатпайтын адамдар қатарына кірсеңіз, кардиган сыртынан белдік тағыңыз. Белдіктің жұқа да, жалпақ та түрі келе береді.
Бірден екеуін кию
Ілгектері бар жұқа кардиганның сыртынан ірі тоқыма кардиган киіңіз. Егер total-look жасау ойыңызда болса, бір түстер гаммасына жататын кардигандарды таңдауға болады. Алайда қарама-қарсы түсті кардигандарды да осы тәсілмен киюге болады.
Бір ілгегін ғана тағып кию
Француз әйелдерінің жақсы көретін сәнді әдісінің бірі — кардигандағы төменгі бірнеше ілгекті тақпауы. Сондай-ақ, кардиганның үстіңгі ең бірінші ілгегін ғана тағып киюге болады.