Сіз Канадада болып па едіңіз? Ол жерде, тіпті, орманшылардың өзі смокинг киіп жүреді дейді. Бұл сөзден кейін сіздің көз алдыңызға үстіне классикалық смокинг киіп, қолына балта ұстап ағаш шауып жүрген адам елестесе, қиялыңыздағы кадрды кері айналдырыңыз. Себебі, канадалық смокинг аталған киім үлгісінің классикалық түрінен мүлде бөлек дүние. Ол – пиджак пен шалбар емес, джинс шалбар (қыздар джинс белдемше де кие береді) мен джинс жейдеден құралған киім үлгісі. Иә, қазір дабл-деним деген атаумен трендке айналған стиль 1951 жылы орын алған қызықты оқиғадан кейін «канадалық смокинг» деп аталып кеткен.
Бұл оқиға америкалық актер әрі әнші Бинг Кросби есімімен тығыз байланысты. Бір күні мәңгілік джаз шлягерлерінің авторы қасына досын ертіп Канадаға барады. Бірақ, аты әлемге танымал жұлдызды қонақүй есігінен кіргізбей қойыпты. Себеп – олардың дресс-кодқа сай киінбеуі. Осы оқиға орын алғанда олардың үстінде Levi's жейдесі мен шалбары болған екен. Бұл жағдай құлақтан құлаққа жетіп, ақыры Levi's компаниясы өкілдері де хабардар болады. Олар сол сәтте-ақ Бингке арнайы смокинг тігіп беру туралы шешім қабылдайды. Бір қызығы, ол тұтас джинс, яғни, деним материалдан пішілген екен.
Қазіргі таңда, нақтырақ айтсақ, дәл қазіргі маусымда дабл-деним нағыз трендке айналды. Оны кию орынсыз дейтіні жоқ, президент қабылдауынан өзге жердің бәріне киеді.