Қымбат фирмалық бутиктерде киініп, әр мезгіл сайын гардеробын жаңартып отыруға әр адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан әрдайым сәнді көрініп, киімдеріңіз ұзақ уақыт қызмет етіп, қалтаңызға салмақ түсірмесін десеңіз бірнеше кеңестерге құлақ түріңіз.
Үнемдеудің жақсы бір тәсілі – сауданы қолма-қол ақшамен жасаңыз. Өйткені сіз қолыңызда қанша ақшаңыз бар екенін және қаншасын жұмсай алатыныңызды біліп тұрасыз. Ал кредиттік карта мұндай мүмкіндікті бермейді. Ондағы ақшаны көрмегендіктен, сезбегендіктен оңай жаратасыз.
Және қаржыңызды сақтап қалудың тағы бір амалы – мезгілге сай емес киімдер алу. Жазда қыстық күртешелер мен тон сатып алу арзанға түседі, сәйкесінше қыста жаздық киімдерді бірнеше есе түскен бағасына аласыз.
Гардеробыңызды бір стильде, түстері сәйкес гаммада ұстауға тырысыңыз. Сонда киімдерді бір-бірімен үйлестіруге, сәйкестендіріп жаңа киім алуға да жеңіл болады. Егер сіз әрдайым қоңыр-қою қызыл түсті киімдер киіп жүрген болсаңыз, бір мезетте ашық сары киім алмаңыз. Өйткені оған сәйкес киім алу үшін тағы біраз ақша жұмсау керек болады.
Ешқашан бір күндік киім сатып алмаңыз. Сән бір орында тұрмайды. Бүгін елді қайран қалдыратын киіміңіз ертең жарамсыз болып қалуы мүмкін. Оның орнына классикалық киімдерге назар аударыңыз. Олар ешқашан сәннен шықпайды.
Дисконттық дүкендерге барудан қорықпаңыз. Онда секонд-хенд киімдер сатылмайды. Жақсылап іздесеңіз орташа бағадағы киім алуға болады. Бірақ дизайнерлік киімдерді көріп, көзіңіз қызарып, бәрін сатып алуға тырыспаңыз. Өйткені ақшаңыздың бәрін жаратып болған соң, киюге тұрарлық ештеңе таппай қалуыңыз әбден мүмкін.
Таңдаулы дүкендеріңіздің e-mail немесе sms-жолдауларына жазылып қойыңыз. Сонда дүкенде өткізіліп жатқан акциялар мен жеңілдіктер жайлы біліп жүретін боласыз. Кейбір дүкендер маусымдық жеңілдіктерге дейін арнайы топтамаларға акциялар жасап тұратыны бар.
Бір-бірімен сәйкес келетін киімдерді жинақтап, гардеробыңыздың негізін құраңыз. Олар сіздің стиліңізге сай келіп, гардеробыңыздың 70-80%-на сәйкес келуі керек. Сонымен қатар, барлық киіміңіздің сапасы жақсы болуы қажет, жақсара берген сайын сізге ұзақ қызмет етеді.
Сурет: misstyle-look.blogspot.com
Дайындаған: Анар Мұстафина