Жылтырағанның бәрі алтын емес...

Адам жаны, әсіресе әйел затының жаны әсемдікке құмар келеді. Сондықтан әр алуан түстермен қатар киімді жылтырақпен әрлеу мезгіл-мезгіл сәнге оралып отырады.

Биылғы маусымда люрекс жібі араластырылып тоқылған материалдан тігілген киімдер қайтадан сәнге айналып жатыр. Алайда мұндай трендтегі киімді киюдің де белгілі бір ережесі бар.

Қандай түстерді таңдаймыз?

Мысалы, аққұба өңді бикешке қызғылт, сарғыш түстегі люрекс кофта жараспайды. Мұндай түс аққұбалардың өңін қуқылдандырып, ажарын төмендетеді. Сол себепті аққұба ару қанық көк, қанық жасыл, қанық қызғылт секілді қою түстердегі киімдерді таңдағаны жөн немесе осындай түстердегі шарф, орамал, көлемді алқаны мойынға тағу арқылы ұтымды образ жасауға болады.

Қара торы қыз бала керісінше, түстердің ақшыл реңін таңдағаны жөн.

Люрекс киімді кімдер кие алады?

Өкінішке орай, люрекс киім кез келген бикешке (әсіресе толықша келгендерге), содан соң жасамыс әйелдерге жараса бермейді. Себебі жылтырақ мата жасыңызға жас қосып, салмағыңызды одан сайын «ауырлатып», көлем береді (мұндай киімді кие алмайтындарға трендте болу үшін жылтырақ брошь не кішірек алқа тағуға кеңес береміз).

Бұл материал негізінен, жас аруларға арналған десек, қателеспейміз.

Люрекс киім немен үйлеседі?

Жалпы люрекс арзан матамен үйлестірілген болса, ол өте дөрекі, сапасыз көрінеді. Талшыбықтай бұралған қыздардың өзі люрекс кофтаны біртегіс тығыз матадан тігілген белдемшемен, жылтырақ емес (!) әшекей бұйымдармен және колготкамен кигені жарасымды көрінеді. Өйткені люрекс киіммен бірге тағы жылтыраған зат тағу не кию талғамның жоқтығынан хабар береді. Сол себепті жылтырағанның бәрі алтын емес екендігін жадыңызда тұтыңыз, сәнді көріну үшін өзге де тәсілдердің барын ұмытпаңыз.

Автор: Фариза Әбілова

Сурет: lady.tochka.net

Оқи отырыңыз:

Ақшаны үнемдей отырып сәнді киіну

Таңдаған киіміңіз сіз туралы не айтады?

Қыздарға арналған қолғап түрлері