Жігіттер сәні: Белдікті киімге сай таңдау әдістері

Жігіттер сәні: Белдікті киімге сай таңдау әдістері

Белдік аксессуарын жігіттер көп тақса да, оны сатып алатын кезде еш қиналмай, бірден таңдайды. Олардың айтуынша, киімге сай келіп, қонымды болса болғаны дейді. Десе де белдік таңдап, тағудың өзіндік ережелері бар. Кезекті материалымызда сол ережелермен таныстыруды жөн көрдік.

Ерлер белдігі әдеттегідей таза былғарыдан немесе былғарыны алмастыратын өнімнен жасалады. Таза былғарыдан жасалған белдіктің барынша ыңғайлы екеніне ешкімнің таласы жоқ. Алайда бағасы да сапасына сай тым қымбат тұрады. Ең алдымен, сіз үшін ақша маңызды ма, әлде сапа маңызды ма? Соны анықтап алыңыз. Мұнымен қатар сапалы белдіктің ұзақ уақытқа шыдайтынын айтқымыз келеді.


Белдік киіміңіздің стиліне сай  таңдалуы тиіс. Классикалық шалбарлар мен іскерлік костюмдерге арнайы классикалық белдіктер бар. Олардың шеті аз иілген.

Бұдан өзге кэжуал стиліндегі белдіктер де бар. Оларды әдетте джинс шалбармен тағады. Егер классикалық шалбар мен джинс шалбарды да киюді ұнататын болсаңыз, бірнеше белдігіңіз болуы тиіс.


Белдіктің жалпақтығы да үлкен рөл атқарады. Жас жігіттер жіңішкесін, ал жасы үлкен ағаларымыздың жалпақ белдік таққаны абзал.

Белдіктің түсі мен фурнитурасы

Егер классикалық стильде киінуді жөн көретін болсаңыз, белдіктің түсі мен фактурасы міндетті түрде аяқ киіммен сай келуі керек. Белдіктің өзінде ешқандай логотиптің болмағаны жөн. Бұдан өзге белдіктің металлды фурнитурасы қолыңыздағы сағаттың фурнитурасымен үйлесуі тиіс.


Суретте стилистикалық қателерге мысалдар келтірілген:

1-қате – Классикалық ерлер костюмімен үлкен логотипі бар белдік тағуға болмайды. Мұндай белдікті джинс шалбармен таққан жөн.

2-қате – Фурнитура түсі сағат білезігінің түсіне сай келмейді. Дәл осы жағдайда қарапайым қара немесе қоңыр классикалық белдік сай келетін еді.

Ең дұрысы - қара аяқ киім мен қара белдік. Мұндай үйлесім кез келген ерлер костюміне сай келеді.

Кэжуал стиліндегі белдік жарқын түсті болғандықтан, көзге бірден түседі. Егер кэжуал немесе спорт стилінде киінген болсаңыз, белдікті аяқ киім түсімен үйлестірудің қажеттілігі болмайды.


Белдікті сатып алған кезде оның сізге қаншалықты қонымды тұратынына мән беріңіз. Оны таққан кезде өзіңізді жайсыз сезінбеуіңіз керек. Белдіктің ұзындығына назар аударыңыз. Ұшының 20 сантиметр артық болуы эстетикаға жат. Кез келген белдікті қолмен қысқартуға болады.

Жоғарыда келтірілген мәліметтердің белдік таңдауда көмегі тиер деген үміттеміз! Ал сіз белдікті қалай таңдайсыз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: style4man.com

Қ. Бүйенбай