Жаз келіп, көпшілік теңіз жағалауын аңсай бастады. Еңбек демалысына жеткенше асық. Көптен жоспарлаған саяхат, сапарлар да чемодан жинауға шақырып тұр.
Осы мезгілдің ерекшелігіне сай Chanel компаниясында жеңіл әрі сергітетін әтірлер коллекциясы бар. Les Eaux de Chanel аталатын жұпар: Paris – Deauville, Paris – Biarritz және Paris – Venise деген 3 құтыдан құралған. Бұлай аталатын себебі, Довиль, Биарриц және Венеция сынды теңіз жағалауындағы қалалар кезінде Коко Шанельдің шабыт көзіндей болған.
Парфюмер Оливье Польж жасап шығарған композициялар демалыс кезінде пайдалануға таптырмас құрамымен ерекшеленеді.
Өйткені, әр иіссуда жаздың ыстық аптабында бой сергітетін цитрус ноталары басым.
Мысалы, Paris – Deauville әтірінде базилик пен Сицилия апельсинінің аккорды сезіледі. Бұл 1913 жылы Габриэль Шанель алғашқы дүкенін ашқан Нормандия жағалауының атмосферасын береді.
Paris – Biarritz иіссуынан мұхит энергиясы еседі. Шанель жақсы көрген Биарриц курортын еске салатын әтірде інжір гүлі мен Сицилия мандаринінің ноталары бар.
Paris – Venise аты айтып тұрғандай Шығыс пен Батысты тоғыстырған Венецияға арналады. Осы контраст ащы флердоранж майы мен тәтті ваниль арқылы берілген.