Жазғы сәнді көзілдіріктер

Қара көзілдіріктер әрдайым өзекті болуы керек және бет пішінінің сопақтығымен үйлесуі тиіс. Дита фон Тиз, Дженнифер Лопес, Рианна, Дакота Фаннинг сынды әлемдік жұлдыздар көзілдіріктердің қандай үлгілерін таңдайтындарына қарап, осы жаздың сәнді көзілдіріктерінің тізімін жасадық.

Дита фон Тиз; Asos көзілдірігі


Ретро рухындағы ілдіріктер, міне, бірнеше маусым бойы танымалдылығын жоғалтпай келеді. Ретро стилін ерекше жақсы көретіндердің бірі – Дита фон Тиз. Бурлеск ханшайымы 2014 жылдың жаз маусымына металл жылтырағы бар бұрыштары сүйір келетін «мысық көзі» көзілдірігін таңдайды. Осыған ұқсас көзілдіріктерді Asos топтамасынан табуға болады. Айтпақшы, «мысық» ілдірігі әмбебап болғандықтан кез келген бет пішіндегі қыздарға жарасады.

Рианна; River Island көзілдірігі


Жарқын екпін ешқашан кедергі болмайды! Ең бастысы – Рианна сияқты түстерді дұрыс үйлестіру. Жұлдыз басты аксессуар ретінде ретро стиліндегі ашық-қою сары ілдірікті көлемді көзілдірікті таңдаған екен. Сәнді көріну үшін жарқын ілдірікті бір түсті қарама-қарсы қанық түсті киімдермен үйлестірген жөн. Рианнаның жарқын аксессуарына ұқсас үлгілер River Island топтамасында кездеседі. Ілдіріктер ұқсас болғанымен, екіншісі байсалды көрінеді.

Дженнифер Лоуренс; Spunky көзілдірігі


Дженнифер Лоуренс Dior сән үйінің сәнбикесі ретінде бірінші жыл қызмет етіп жүрген жоқ, сондықтан тұрпайы көрінуге хақысы жоқ. Дәл сол үшін жұлдыз ерекше пішімдегі минималистік киімдерді таңдайды. Аксессуарларына да шығармашылық көзқараспен қарайды. Жаз маусымында Дженнифер ағаш ілдірікті көлемді көзілдірік тағып жүр –өте сәнді және ерекше көрінеді. Бұған ұқсас үлгілерді бамбук ағашын пайдаланып сәнді көзілдіріктер шығаратын Spunky белгісінің тауарларынан табуға болады. Мұндай көзілдіріктер бет пішіні домалақ және үшбұрыш қыздарға жарасады.

Дакота Фаннинг; Le Specs көзілдірігі


Стильмен тәжірибе жасау әрдайым қызық және көңілді. Дакота Фаннинг, мысалы, жаңашылдықтан қашпайды және ерекше киімдер мен бұйымдарды тағып, таң қалдырғанды жақсы көреді. Мөлдір ілдірікті және металл ұстатқышы бар домалақ көзілдіріктер солардың қатарынан. Мұндай көзілдіріктерді жыртық джинсы немесе қалпақпен кию міндетті емес. Ол классикалық жазғы костюмдерге де, гүлді көйлектерге де жарасады. Осыған ұқсас үлгілерді Le Specs белгісінің топтамасынан табуға болады.

Дженнифер Лопес; Mango көзілдірігі


Классиканы жөн көретіндерге сәнді брендтер әр маусым сайын сәнді және жинақы авиторларды шығарады. Бұлар да «мысық көзі» сияқты кез келген бет пішініне жарасады. Дженнифер Лопес авиатор-көзілдіріксіз жүре алмайтындар қатарында. Осы көзілдірік арқылы туындайтын оның бейберекет бейнесі көпке танымал. Осыған ұқсас үлгі Mango испан белгісінің көктем-жаз топтамасына кірді.

Гвен Стефани; H&M көзілдірігі


Спорттық стильдегі күннен қорғайтын көзілдіріктер Гвен Стефанидің көктем-жаз 2014 маусымының сүйікті аксессуарлар тізіміне кірді. Оның топтамасында барлық түстерді қамтитын ілдіріктер бар шығар. Оның ішінде ең әмбебабы – бояуы қопарылып түскендей әсер беретін көзілдірік. Баламаны H&M топтамасынан табуға болады. Демократияшыл брендтің дизайнерлерімен жасалған үлгі біраз жинақы, бірақ өте сәнді әрі көз тартарлық. Мұндай үлгілер бет пішіні домалақ және төртбұрыш қыздарға жарасады.

Сурет: wday.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина