- Негізгі бет
- Сән
- Жазғы сән: Трендтегі...
Жазғы сән: Трендтегі түсті пайдалана білейік
Сән әлемі киімдердің пішімін ғана өзгертіп отырмайды, сонымен қатар олардың материалдары мен түстерін де қырық құбылтады. Биылғы трендтегі түстер - көк, көгілдір және жасыл реңктер. Бұлар әсіресе жаз мезгіліне лайық.
Қанық көк түстегі көйлекті әдетте киімдегі ұстамдылықты қалайтын ағылшын ледилері (француз мадамдарының қара кішкентай көйлегінің орнына) киеді. Себебі көк түс байсалдылықтың, іскерліктің, сенімділіктің символы. Көк түсті киім киген кісі адамды алыстан баурап, кішіпейіл, үйірсек етіп көрсетеді.
Бірде бір қара бұлты жоқ көгілдір аспан қиялыңызды шарықтатып, жаныңызға сенімділік сыйлайтын болса, көгілдір көйлек киген бойжеткен де соншалықты ерекше, пәк, адал болып көрінеді. Сондықтан көк, көгілдір реңктегі киімдерді алсаңыз, еш ұтылмайсыз.
Көк түс реңктеріне қарай барлық түспен үйлесе береді.
Іскерлік стильде: көк түс ақ, қара түстермен үйлескен кезде адамды жинақы, салмақты, әрі сәнді етіп көрсетеді. Мұндай үйлесімді сангвиниктер мен холериктер батыл көрсете алады.
Ал меланхоликтер көкті жасылмен, сарымен үйлестіргенді ұнатады. Әсіресе сары блузамен етегі кең көк белдемше немесе керісінше көк блуза мен етегі кең не қарындаш белдемше оның ішкі жан дүниесін барынша айқындап көрсетеді.
Флегматиктер өздерінің сүйікті casual стильдеріне көк, көгілдір түстерді қаймықпай араластырса, айнадағы өз көркіне өздері таңғалар еді.
Кешкі шараларға, қонаққа қызыл мен көк түсті әдетте жұрттың назарынан қаймықпайтындар, керісінше олардың қадалған жанарынан ләззат алатындар ғана кие алады. Мысалы, көк көйлектің беліне қызыл белдік тағып немесе қызыл сөмке ұстап не қызыл туфли киген жан бірден көзге шалынады.
Жай мақта матасынан тігілген көгілдір бойфренд жейденің өзін бірнеше нұсқада кие аласыз. Оны джинспен, кюлетпен, әртүрлі пішімдегі белдемшелермен, сәл салқындау уақытта сыртынан жилет, жакет, жемпір киіп те өзіндік бір образ жасай аласыз.
Жазғы кезеңде мақта, зығыр, шыт маталардан тігілген қарапайым көк көйлек сізді ми қайнатар ыстық аптаптан құтқарар еді.
Ұқсас жазбалар:
Жазғы сән: Шашқа арналған әсем әшекей
Ф. Абилова