Ойланып қарасақ, сәннің ауқымы да, мүмкіндігі де шексіз көрінеді. Мысалы, Жерорта теңізі мен Балтық теңізін мекендейтін кефал балығының сырт көрінісі сәнгерлерге шабыт беріп, дүниеге маллет стилін әкелген. «Маллет» сөзі ағылшын тілінде кефаль сөзімен мағыналас келеді.
Маллет стилі шаш үлгісіне, көйлек, белдемше, блуза, жейде пішімдеріне қолданылады. Тарихқа көз жүгіртсек, аталмыш шаш үлгісі ежелгі мысырлықтар мен скандинавтықтарға тән болған екен. ХІХ ғасырда балықшылар қайық үстіндегі ызғарлы желден желкесін қорғау үшін шашын ұзындау етіп өсірген. Сондай-ақ АҚШ-тағы ақ нәсілді кедей-кепшіктерді де осындай шаш үлгісіне қарап, айырған екен.
Өткен ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап Дэвид Боуи, Виктор Цой сынды әншілер осы шаш стилін қолдана бастады. Ал біздің дәуіріміздегі ресейлік әнші Дима Биланның өзіндік имиджі осы маллет стилімен біте қайнасып жатады. Содан бері көптеген балалар, жасөспірімдер шашын маллет үлгісінде қиғыза бастады, біздің елімізде де мұндай жастар аз емес. Бұл шаш үлгісінің ерекшелігі тек ер-азаматтарға ғана тән.
Америкалықтар «алдынан іскерлік, артынан мерекелік» деп атаған стиль қыз-келіншектердің киімінде өте әдемі көрінеді. Әсіресе етегінің алды қысқа, арты ұзын көйлектер қарапайым мақта матасынан тігілсе де, аруларды ерекше сәнді, сұлу да сымбатты етіп көрсетеді.
2015 жылы подиумға маллет стиліндегі киімдерді Nina Ricci, Saint Laurent, Emilio Pucci, Antonio Berardi және тағы басқа сән үйлері көптеп шығарды.
Маллет стиліндегі киімдер кімдерге жарасады?
Маллет стиліндегі көйлектер мен белдемшелер жіңішке келген қыз-келіншектерге жақсы жарасады. Ал толықша келген бикештер тек тізезінен төмен түсіріп қана кие алады.
«Құмсағат», «банан» пішінділер маллет стиліндегі кез келген киімді ойланбай сатып алса болады. «Алмалардың» әдетте аяқтары түзу, ұзын болып келеді, сол себепті бұл бикештерге маллет стиліндегі көйлек пен белдемше жақсы жарасады, алайда осы стильдегі блуза, жейделерден аулақ болғаны жөн. «Алмұрттар» маллет стиліндегі көйлек пен белдемшенің миди ұзындықтағы түрін таңдағаны абзал. Омырауына қомақты алқа тағу арқылы денесінің мінін жасыра алады.
Маллет стиліндегі көйлекті биыл оқу бітіру кешіне де киюге болады. Трендті көк, көңілдір, сары, ақ түсті маллет көйлегін таңдап, сәнді образ жасай аласыз. Іске сәт!