14 күннен соң тамыз айы жазды алып кетеді. Табиғат ана жыл мезгілін күзге алмастырады. Бұл құбылыс сән әлемінен тыс қалмайды. Реңктерге әр қосып, түстердің ерекшелігін аша түседі. Осы кезді пайдаланып қалғысы келген сәнгерлер киімдерді жазда да, күзде де киюге болатын түстерге бояп жатыр. Мысалы, «қызыл өрік» түсі.
Түстің ерекшелігі
«Қызыл өрік» түсті (коралл) киімдерді өзге түсті киімдермен үйлестіруде сақтықпен қараған жөн. Бұл түсті 3-4 түрлі түспен араластыру дұрыс емес: мұндай ерекшелігін сәнгерлер нәзіктігімен байланыстырады. Олай болса, түстердің гаммасын ашып көрейік.
Түс пен түс
– Ақ түс. Ақ және алқызыл түстер бір-бірін толықтырып тұрады. Егер пропорциясын сақтап тұрсаңыз, мысалы, ақ топ пен алқылыз белдемше, болмаса алқызыл жейде мен ақ шалбар кисеңіз, көшеге де, саяхатқа да шыға аласыз.
– Ақшыл сары түс те, алқызыл түс те – ақ және қызыл түстердің «нәзік» түрлері. Ал қызыл түсті пальто мен ақшыл түсті биік өкшелі туфли, сөмке жарасып-ақ кетері сөзсіз.
– Сұр түс. Киімде «Қызыл өрік» түсі мен суық сұр түсі – сәнді. Бұл түстерді үйлестіріп, маңызды кездесулерге, салтанатты кештерге киіп баруға болады.
– Қара түс. Суық қара мен алқызылды үйлестірген кезде өте абай болу керек. Көзге ауыр болмауы тиіс. Түс спектрін дұрыс таңдаңыз. Эмо стиліне ұйысып кетпегені жөн. Жіңішке белдігі бар қара қысқа көйлек пен алқызыл түсті пенжак және туфли кисеңіз болады.
Өте ашық түсті киімдерден «қорықпайтын» қыздар үшін мынадай үлгілерді ұсына аламыз:
– Лимон түсі. Неонды алқызыл түс + лимон түсі жаз мезгіліне, әсіресе, жағажайға арналған.
– Бирюза түсі. Алқызыл түс + бағалы тастың реңкі сізге асқан нәзіктік сыйлайды.
– Қызғылт. Неонды алқызыл түс + ашық қызғылт бір спектрдің бойында жатса да (қызылдың ашық реңктері), нәзіктік сыйлайды.
– Күлгін. Алқызыл түс + марсала базалық киімдерге емес, көзге көп біліне бермейтін (топ, шорты, орамал) бөлшектерді немесе аксессуарларды марсала түсінен таңдасаңыз болады.
Түс пен киім
Қандай да бір түс ұнаса, бастан-аяқ сол түспен киіну сәнге жат. Ұнататын түс пен киімді көрер көзге ерекшелеп көрсету үшін өзге түспен қосу керек. Олай болса, сіздерге алқызыл түсті киіммен қандай киімдерді киюге болатынын ұсынып көрейік.
Көйлек
Мұндай көйлек дәл қазіргі уақытта күнге қызған теріңізді аша түседі. Ақшыл түсті туфлимен не күміс түсті биік өкшелі босоножкамен киюге болады. Ұсақ емес, көздері ірілеу моншақтар, аксессуарлармен қоссаңыз, тіптен жақсы.
Үстіңізге
«Қызыл өрік» реңкіндегі топ, жейде немесе жакет артық детальдарсыз болғаны жақсы.
– «Қызыл өрік» реңкті жейде + ақ түсті (қара көк түс те болады) белдемше + ақшыл сары аяқ киім.
– «Қызыл өрік» реңкті пенжак + ақ не ақшыл жейде + сұр не қара түсті тар классикалық шалбар + лофер.
– Ақ топтың сыртынан киген «қызыл өрік» реңкті жейде + көк джинсы шорты + ақ кеды, былғары сандал.
– «Қызыл өрік» реңкті пенжак, кардиган не жемпір + ашық түсті джинс + кеды.
– «Қызыл өрік» реңкті топ + джинсы не ақ түсті жакет + «қызыл өрік» реңкті балетка, туфли.
Астымызға
«Қызыл өрік» реңкті белдемше мен шалбар кез келген жерде сізді әдемі әрі сәнді көрсете алады. Көпшілік бұл түсті таңдаудан қорқады. Әсіресе, классикалық үлгіде талғамды танытады.
– «Қызыл өрік» реңкті, классикалық үлгідегі қырлы шалбар ақ, ақшыл, кілегей түсті және қара түсті жейдемен жарасады.
– «Қызыл өрік» реңкті, балағы тар шалбар ақ топ, лимон түсті не ақшыл көк түсті жакетпен үйлеседі.
– «Қызыл өрік» реңкті джинс шалбары ашық түсті бомбермен, аласа аяқ киіммен үйлесім табады.
– «Қызыл өрік» реңкті карандаш-белдемше классикалық жейдемен, жұқа водолазкамен және жұқа тоқыма топпен сәніңізді аша түседі.
– «Қызыл өрік» реңкті, төгіліп тұратын етектер нәзік жейдемен, кардиганмен, жемпірмен үйлеседі.
Қалың киім
Ашық түсті пальто назар аудартады. Тұлғаңызға ерекше деталь бергіңіз келсе, мына кеңестерге құлақ түріңіз.
– «Қызыл өрік» реңкті, ұзын классикалық пальтоны ақшыл сөмке, ақшыл етік пен қолғап толықтырып тұрады. Нәзік түсті (пастель), жібек орамал алсаңыз, тіптен жақсы.
– Көлемді кокон-пальто қара скинни шалбармен, артық детальдары жоқ ботильонмен жарасады. Ал шарф таққыңыз келсе, аяқ киіммен сәйкес болуын қадағалаңыз.
Аксессуарлар
«Қызыл өрік» реңкті туфлиді немен кисе болады? Бір түсті, әсіресе, ақ, ақшыл, кілегей түсті, ақшыл көк, қою көк, қара, сұр көйлектермен киюге болады.
«Қызыл өрік» реңкті туфли жай джинсымен, ақ топпен де жарасады. Тек туфли биік өкшелі болған дұрыс.
«Қызыл өрік» реңкті сөмкені ше? Ақшыл және ашық сұр түсті киімдермен әдемі жарасады. Есесіне, нәзік көрінесіз.
Бұл ретте сөмкені аяқ киімнің түсімен сәйкестендірмесеңіз де болады. Орамалмен, шарфпен, белдіктің түсі сәйкес болғаны дұрыс.
Табиғат ананың берген түстерінен қорықпаңыз. Әйел заты болған соң, түстерге деген қызығушылықтан бас тартпаған жөн. Өзіңізді әр қырыңыздан тану үшін түстердің маңызды рөл атқаратынын естен шығармаңыз.