Жаздың ыстық күнінде кез келген ару сәнді әрі әдемі болғысы келеді. Барлық дерлік нәзік жандыға жарасымды киімнің бірі - көйлек.
Әр маусым сайын жаңа трендтегі киімдер үлгісін ұсынатын модельер, дизайнерлер базалық гардеробты ашық түсті көйлектермен толтыруға кеңес береді. 2015 жылдың жаз маусымының трендіне қандай көйлектер кірді?
Ақ түсті көйлектер
Қысқа көйлектер жаздың ыстығында таптырмас киім үлгісі екені сөзсіз. Сондықтан қардай аппақ түстегі көйлектің бірін алып қоюыңыз керек. Сондай-ақ жазда той жиі болатындықтан, ұзын, жұқа матадан тігілген, төгіліп тұратын көйлек алуыңызға болады. Алайда, ақ түс көбінде қара торы қыздарға жарасымдырақ екенін естен шығармаңыз.
Сары түсті көйлектер
Биылғы көктем-жаз маусымының трендті түстерінің бірі - сары. Сондықтан лимон реңкінен бастап, қанық сары түсті көйлек, белдемше алуыңызға болады. Сары түсті қандай түстермен үйлестіру керек екенін мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз.
Гүлді принт
Жұқа, қымбат матадан тігілген бұл көйлектер кез келген аруға жарасатыны анық. Жеңсіз, жеңі бар, жағасы бар көйлектер осы жылғы жаздың трендіне енді. Сондықтан ашық түстегі, гүлді принтті көйлек гардеробыңызда болсын. Мұндай көйлекпен кездесуге, серуенге, сабаққа, жұмысқа да бара аласыз. Сондықтан өзіңізге ыңғайлы болатын, мақтадан тігілген гүлді көйлек алу артық етпейді.
Ассиметриялы көйлек
Ассиметрия сән әлеміне кіріп, бірде жылт етіп жоғалып кететін трендтердің бірі. Ағымдағы жылдың көктем-жаз топтамасында алдыңғы қатарға енген бұл тренд көптеген дүкеннің сөрелерінен орын тапты. Ассиметриялы көйлектер бойшаң қыздарға жарасымды. Сондықтан әртүрлі түстегі ассиметриялы көйлекті алуыңызға болады.
Шілтерлі көйлек
Екі жыл қатарынан салтанат құрып келген шілтерлі ақ көйлек биылғы жылы қайтадан сәнде. Өткен ғасырда жылдар бойы сән атрибутының бірі ретінде саналған шілтер мата қазіргінің дизайнерлерінің қолынан түсер емес. Кез келген аруды нәзік етіп көрсететін шілтерлі көйлектің өзіңізге жарасымды түсін таңдап, алуыңызға болады.
Маллет көйлегі
Өткен жылдың жазында тренд болған маллет көйлегі биылғы жылы қайтадан дүкен сөрелерінен орын алды. Дизайнерлер маллеттің жаңа үлгілерін, көйлекті үйлестірудің жаңа әдістерін таныстыра алмаса да, сәнқой аруларымыз маллетті қуана-қуана қарсы алды.
Осы көйлектердің қайсысы сізге ұнады?
Сурет: ©Михаил Хван
Ұқсас жазба:
Қыздың көзі - қызылда