Жазғы сән: Қалпақ түрлері

Жазғы сән: Қалпақ түрлері
Фото: plus.google.com

Ертеректе әрбір әйел заты басына қалпақ киіп жүруге міндетті еді. Ал қазір бұл күннен қорғайтын сән аксессуарының біріне айналды.

Қалпақты қалай таңдау керек?

Кең жиекті қалпақ

Кең жиекті қалпақ жаз маусымының басты трендіне айналып үлгерді. Оның төбесі кез келген пішінде болады. Қалпақ сабан, зығыр немесе фетрдан жасалады. Бұны тек қыздар емес, ер адамдар да киюді әдетке айналдырған.

Кепка

Кепка спорттық стильдің элементі болғандықтан, ыңғайлы әрі қарапайым аксессуар. Спортпен шұғылданатын қыздарымыз бейсболка, кепка, күнқағар (козырек) алып, кез келген уақытта сөмкесіне салып жүре алады. Демек, бұл аксессуар ыңғайлы, сәнді әрі күннен де жақсы қорғайды.

Жұмсақ жиекті қалпақ

Сән индустриясында жұмсақ жиекті қалпақтардың орны ерекше. Ағылшын дизайнерлері қалпақтың жиегін төмен қаратса, итальяндар керісінше, жоғары көтеріп киюге кеңес береді. Негізінде, жұмсақ жиекті қалпақты өз қалауыңызша майыстыруға болады.

Орамал мен шалма (тюрбан)

Екі маусым бойы орамал мен шалма сән әлемінде өз орнын ойып тұрып алды. Италиялықтар және ағылшындар орамал мен үшкіл орамалдың (косынка) түрлі түрлісін шығарып таныстырса, француз топтамасында біртүсті трикотаж және түрлі түсті атласты шалмалар ұсынылуда.

Панама

Жұмсақ, ыңғайлы әрі жеңіл бас киім іздесеңіз, панаманы таңдауыңызға болады. Бұл саяхат сүюшілер мен табиғат аясында демалуды ұнататын жандарға таптырмас нұсқа. Панаманы әдетте деним немесе мақтадан тігеді. Алайда қазір сән подиумына полиэстерден жасалған панамалар да шығуда. Мұндай аксессуар жаңбырлы күнде ыңғайлы болары сөзсіз.

Ал сіз қандай қалпақ кигенді ұнатасыз? 

Ф. Абилова