- Негізгі бет
- Сән
- Жазғы жаппай сатылымнан...
Жазғы жаппай сатылымнан күзде киетін қандай киімдер алуға болады?
Жаңа маусым келерде көпшілік гардеробын жаңартады. Бірақ әзір дүкенге күз-қыс топтамалары келмегендіктен, sale бөліміне мән беруге болады. Оның үстіне жаңа түскен күзгі киімдер өте қымбат болады. Әрине, жаппай сатылымда көбіне жазғы киімдер болады. Бірақ олардың арасынан күзде де киюге болатын киімдерді табуға болады.
Деним
Денимнің өзектілігі маусымға қарамайды, сондықтан джинс киімдерді кез келген жыл мерзімінде табуға болады. Әдетте, тек оның түсі өзгереді: күзде және қыста оның қою түстеріне мән берсек, жазда ашықтау түрлерін таңдаймыз. Бірақ стритстайл кейіпкерлері суық мерзімде ашық джинстарды стильді киюге болатынын көрсетіп жүр. Сондықтан қазір жаппай сатылымнан оның ашық көк немесе ашық сұр түрін алуыңызға болады.
Костюм
Заманауи қыздардың гардеробын шалбарлы костюмсіз елестету мүмкін емес. Жазда түрлі түсті шалбарлы костюмдер сәнде болды. Қазір көптеген дүкендер оларды жеңілдікпен сатады. Сондықтан ашық түсіне қарамастан оның бір сапалы түрін жеңілдікпен алуға тырысыңыз. Кейін күзде оны водолазка немесе жемпірмен кие аласыз. Тіпті, оның сыртынан пальто іліп алуға болады.
Көйлек
Соңғы кездері адамдар әртүрлі мерзімге жататын киімдерді бір-бірлерімен үйлестіріп кие береді. Мысалы, гүлді принті бар жеңіл және романтикалық көйлекті жазда да, күзде де киюге болады. Күзде мұндай көйлектің сыртынан көлемді кардиган немесе тренч кие аласыз. Ал сандалды бәтеңке, казаки немесе етікке ауыстырасыз.
Жейде
Жейде — әйел гардеробындағы әмбебап киімнің бірі. Оның өзін немесе көп қабатты киім үлгісінің бір бөлігі ретінде киюге болады. Жазғы жаппай сатылымнан әмбебап және классикалық жақсы жейделер табуға болады.
Принті бар шалбар
Үйреншікті джинс шалбарлардан жалықсаңыз, принті бар шалбарларға мән беріңіз. Мұндай ерекше принті бар шалбарларды қазір жазғы жеңілдіктен таба аласыз және оны күзде базалық жемпірлермен үйлестіре аласыз.
А. Жапатова