Қазір шалбарды кез келген әйелдің гардеробынан көруге болады. Көпшілік әйел стильді әрі ыңғайлы киініп шыққысы келген күні шалбарды таңдайды. Әркімде базалық гардероб әртүрлі болады, сондықтан барлық әйелге бірдей келетін әмбебап капсуланы ұсыну мүмкін емес. Десе де, сәнді әрі ыңғайлы киюнуге көмектесетін 5 әмбебап шалбарды ұсынамыз.
Киім таңдау кезінде оның пішіміне ғана емес, құрамына да аса мән беру керек. Жазғы киімнің табиғи (мақта, трикотаж, жібек) немесе жартылай синтетикалық (вискоза) матадан болуы маңызды.
Кюлот шалбар
Жазға арналған сәнді, ыңғайлы және терлетпейтін шалбарға кюлот жатады. Олар шамамен екі жыл бұрын сәнге оралды және әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Кюлот шалбарлар бойы ұзын және қысқа қыздарға да жарасады. Оны кез келген киіммен үйлестіруге болады: топ, жейде, футболка. Басты ереже — кюлот киген кезде үстіңізге жинақы киім кию. Қазір шалбарлы костюмдердің сәнде екенін білеміз. Кюлоты бар костюмдер де өте стильді көрінеді.
Банан-шалбар
Әмбебап және ыңғайлы банан-шалбарлар бірнеше жыл қатарынан сәнде келе жатыр. Ол қозғалғанда ыңғайсыздық тудырмайды және дене пішінінің кемшілігін жасырып, артықшылығын айқындайды. Банан-шалбардың белі жоғары тұрады және белінде бүкпелері бар. Мұндай шалбар киген кезде үстіңізге қатты ұзын емес және денеге сәл жабысып тұратын киім киген дұрыс. Ал аяқ киімге келетін болсақ, мұндай шалбармен өкшесі биік туфли немесе мюли киген жөн.
Классикалық шалбар
Классикалық шалбар сәннен ешқашан шықпайды. Классикалық шалбарларды тек кеңсеге емес, күнделікті киім үлгісіне де қолдануға болады.
Джоггер шалбары
Бұл шалбарлар бастапқыда спортқа арналған болатын. Сондықтан да бұл өте ыңғайлы әрі әмбебап шалбар. Оның белінде және тобық тұсында резеңкесі болады. Джоггер шалбарларын жиі қалталармен толықтырады. Ол сөзсіз кроссовкалармен және кедылармен жақсы үйлеседі. Жалпы оның түрі спорттық болғанымен, сәнқойлар оны өкшесі биік аяқ киімдермен де үйлестіреді.
Кең шалбар
Осы мерзімнің хиті — кең шалбарлар. Мұндай кең шалбарлар топтармен де, футболкалармен де үйлесе береді. Сондай-ақ, онымен кез келген аяқ киімді кие бере аласыз: өкшесі бар аяқ киім, кроссовка, тәпішке, мюли және т.б.