Жаздың жаймашуақ күндерінің сырғып өтіп жатқандығына ұнжырғаңызды түсірмеңіз. Сағат сынды стильді аксессуарлар бағынбайтын минуттарды қадағалай алады деп сенеміз. Жұмысқа кешігесіз бе, сағатқа қараңыз, кездесуге шығарда тағы да білегіңіздегі көмекшіге назар аударыңыз, саяхат уақытысында да сенімді серігіңізді ұмытпаңыз. Сағат – сіздің жайдарлы күндеріңіздің сәнін келтіреді.
Осы орайда назарларыңызға жаз маусымының ең ерекше, ең сәнді сағаттарын ұсынып көрмекпіз.
Қандай оқиға әсер еткені белгісіз, метал білезікті сағаттар биылғы жаздың ең актуальді сағаттарына айналып отыр. Теңдессіз көшбасшы – американдық дизайнер Michael Kors. Сіз оның коллекциясынан күміс, алтын, хромдалған, қола білезікті сағаттардың сансыз түрін таба аласыз. Кез келген киіммен тағуға болатын сағаттар күн көзіне өте тартымды көрінеді. Жұп түрінде гауһар тасты білезіктермен де тақсаңыз артықтық етпейді.
Жаздағы ақ түсті сағаттар – қыстағы қара жемпірлер іспетті: барлық киімдермен бірге тағуға болатын негізгі аксессуар. Сонымен қатар, бұл сағаттар күнқақтылықты (загар) ерекшелендіріп көрсетуімен тиімді. Соңғы уақытта сағат дизайнерлерінің қиялы шекарадан асып кетті десе де болады. Шынашақтай ғана силиконды баулары бар ақ сағаттардан бастап, көлемі білекті жауып тұра алатын әртүрлі материалдармен безендірілген сағаттарды тәжірбиеден өткізіп көруге болады.
Ақ әжелеріміздің сандықтарынан ұрлап алынғандай болып көрінетін ескі сағаттар да биылғы жаз маусымының сәніне айналып отыр. Сағат неғұрлым көнетоз көрінген сайын оның құндылығы арта түспекші. Балалық шақтан қашып келгендей көрінетін циферблаттағы көбелек немесе зебра суретті нәзік сағаттарды, бамбукты білезіктерді ұнататын нәзік жандыларымызды қуантқымыз келеді. Биылғы жаз сіздің жазыңыз!
2013 жылдың ең сәнді сағаттары – білекті айналдыра орап тағатын ұзын баулы сағаттар екен. Олардың көпшілігі ұсақ моншақтармен, а-ля Pandora пішіндерімен, басқа да сәндік элементтермен барынша безендірілген. Жазғы көйлектер мен сарафандардың көріктілігін толтыратын бұл аксессуарлар әрбір қыздың қолында болуы керек. Нәзіктікке қарағанда "дөрекі" стильді құп көретін аруларымызға таңдайтын сағаттар бар. Дөрекі былғарыдан жасалған ұзын баулы сағаттар шегелер мен алақалармен безендірілген.
Жазда басқа маусымдарға қарағанда жарқын және шүйгін бояуларды қалап тұрамыз: бұл бірінші кезектер аксессуарларға қатысты. Пластикті және силиконды түрлі-түсті сағаттарды осы маусымда көйлекпен немесе белдемшелермен қолданыңыз.
Назарларыңызға ұсынылған сағаттар ойыншыққа ұқсап тұрса – абзалы сол. Кереғарлық көп болған сайын – көңіл-күй де көтеріңкі болады. Өйткені, жазда ең бастысы – позитивті болу!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Суреттер: fashiony.ru, facebook.com, livemaster.ru, marytale.ru