Жаздың ең сәнді белдемшелері

Жаз - сәнге құмар арулардың ең сүйікті мезгілі. Жеңіл киім киіп, барынша сәндене алатын қыздарға жаз түрлі белдемшелерді кию мүкіндігін береді. Әр арудың жаздық гардеробының басым бөлігі жеңіл белдемшелер мен көйлектерден тұрады. Сәнге сай боламын десеңіз, 2012 жылдың ең сәнді белдемшелер тізімімен таныс болыңыз.

Плиссе белдемшелері - осы маусымның нағыз хиті. Белдемшенің бүрмеленуі түрліше болып, пішіндерінің де нұсқалары жетерлік. Ең сәнді дегендері - ұзындықтары макси және миди белдемшелер. 

Макси ұзындықты плиссе белдемше гардеробыңыздағы әмбебап киім болмақ. Оның түсі мен үстіңізге киетін жейдеге байланысты белдемшені іскерлік, күнделікті, не салтанатты киім қылсаңыз болады. 

Миди плиссе белдемшесі өте сәнді екені рас. Өкінішке орай бұндай белдемше қыздардың бәріне бірдей жараса бермейді. Бұндай ұзындық тек ұзын аяқтары аруларға келеді. Ал бүрмелер қосымша көлем беретіндігін ескерсек, бұндай белдемше арық қыздарға ғана жарасады. Алайда ұзындығы мидиден сәл ауытқыған белдемше сізге жарасып кетуі әбден мүмкін.

Қарындаш белдемше де жаздың сәнді трендтерінің бірі. Бұл белдемшенің кез келген қызға жарасатын қасиеті бар. Оны кеңсеге ғана кимей, түсін де қарадан өзгеше етіп таңдауға болады. Түсті не суреті бар қарындаш белдемше бір уақытта іскерлік те, жазға сай сәнді де көріне алады. Бұндай белдемшелер бір түсті жейделермен жақсы үйлеседі. 

Бүрмелі белдемше осы жазда плиссе белдемшесімен қатар сәнді болмақ. Белдемшенің бүрмесі ортасында не шетінде болып, оны ерекше етіп көрсетеді. Ал бүрмеге қоса белдемшеңіз мысалы жолақты болса, екі есе сәнді боласыз.

Мини белдемшелердің сәні біртіндеп артта қалды. Алайда осы жазда клеш  немесе джинса қысқа белдемшелері өте сәнді. Жеңілдікті, романтикалық көңіл-күйді сыйлайтын клеш белдемшенің түстері де жазға сай жарқын болу керек.

 

Джинсы белдемшелерінен шаршадыңыз ба? Ендеше түсі не пішімі басқа, ерекше әшекейленген белдемшелерді киіп көріңіз. Кез келген аяқ киіммен жарасатын осындай белдемшелер киіп, жаз бойы жайнап жүріңіз.

Сурет: lady.mail.ru