Жазда лофер аяқ киімді немен киеміз?

Жазда лофер аяқ киімді немен киеміз?

2014 жылдың жазында биік өкше мен танкетка шетке ысырылып, жәй табан аяқ киімдер сәнге айналуда. Қыз баласының денсаулығын ескерген дизайнерлер жәй табан аяқ киімнің түр-түрін ойлап тапты. Солардың бірі – лофер аяқ киімдер. Ал осы маусымда лоферлерді немен киген жөн? Оны бірге анықтап көрейік.

Көше сәні

Суреттегі киімдер мен аксессуарлар: Мonki кеудешесі, Аsos белдемшесі, Topshop арқаға асатын сөмкесі және Ray-Ban ұсынған күннен қорғайтын көзілдірік

Лоферден артық жайлы болатын аяқ киім табу мүмкін емес. Оныменен күн белдемшесін және жазғы кеудешені үйлестіріп киюге болады. Кеудешеңіздің қысқалығын пайдаланар болсаңыз, лоферлерді жаңаша құбылтасыз. Мұнымен қатар лофердің түсіне байланысты күннен қорғайтын көзілдірік және сөмке таңдауға болады.

Кеңсеге

Суреттегі киімдер мен аксессуарлар: Fendi шалбары, H&M блейзер, Uniglo кеудешесі және Marni ұсынған сөмке

Кеңсеге лоферді немен киіп баруға болады? Бұл сұрақ көбінесе биік өкшені шетке ысырып, аяғына жайлылық сыйлауды жөн көрген бойжеткендерді жиі мазалайды. Лофер аяқ киімді жіңішке шалбармен, классикалық қысқа балақ шалбармен киюге болады. Ал мұндай шалбарға жеңіл кеудеше немесе блейзер таңдаған жөн. Жазда классикалық пиджакта жүру ыңғайыссыз әрі ыстық болатындықтан, жоғарыдағы киімдер таптырмас таңдау болады.

Деним

Суреттегі киімдер мен аксессуарлар: Current/Elliott джинс бойфренді, Victoria Beckham жейдесі, H&M білезігі,  Michael By Michael Kors қол сөмкесі

Деним – қалалық лоферлер мен сәнге құмар бойжеткендердің серігі. Кеңсе шалбары мен джинс шалбардың сәл қысқа балақтысын, яғни «бойфренд» үлгісіндегісін таңдаған жөн. Мұнымен қатар денимнің жақтаушылары сәнге қайта оралған комбинезондарды, ромперлерді, джинс қысқа балақ шалбарларды және бермудтарды таңдай алады.

Кешкі образ

Суреттегі киімдер мен аксессуарлар: DKNY көйлегі, Maiyet сырғасы, Jimmy  Choo қол сөмкесі, Prada күннен қорғайтын көзілдірігі

2014 жылдың жазында лоферлермен қызыл кілемнің үстінде де жүруге болатындығын атақты голливуд жұлдыздары дәлелдеді. Жаздың самалды кештеріне кию үшін шифон матадан тігілген сарафан, туника көйлек, макси көйлек таптырмас образға айналады. Ал лоферлер өз кезегінде басы ашық жазғы аяқ киімнің қызметін атқарады. Әсіресе салқын ауа райында.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: elle.ru

Қ. Бүйенбай