Жаз мезгілінде шашты бос жібергенге қарағанда, желкені ыстықтатпай өріп қойған әлдеқайда тиімді әрі әдемі көрінеді. Неше түрлі өріммен әдемілеп өрсеңіз, әдемі көйлегіңіздің сәнін ашары анық. Әсіресе, ақ түсті, ұзын, иығы сәл түсіп тұратын, сән сөздігінде "крестьянка" деп аталатын көйлектермен төмендегідей өрімді жарастырсаңыз, құба-құп.
Сізге тарақ пен кішкене резеңке ғана керек.
Алдымен шаштың алдыңғы жағынан бастап өреміз. Егер балапан шаштарыңыз кедергі келтірсе, бірге алып өргеніңіз жақсы.
Жан-жағындағы шаштарды алып өреміз.
Ортасына келгенде өрімді екіге тең бөлеміз. Бір бөлігін кішкене резеңкемен бекітіп қоямыз.
Екінші бөлікті дөңгелендіріп, жан-жақтағы шашты ала отырып өріп шығамыз.
Міне, мынадай үлгіде дөңгелендіре аласыз.
Кейін резеңкемен бекітілген бөлігін де өреміз.
Екі бөліктің ұшын қосып, қарапайым өріммен өреміз.
Өрімді бір-бірлеп ашамыз.
Өрім дайын! Ертең дәл осындай әдіспен жүрек жасаймыз.