- Негізгі бет
- Сән
- Жаз маусымының басты...
Жаз маусымының басты трендтері
Биылғы жазда қандай киім сәнде? Қандай түсті көйлектер алу керек? Қандай мата таңдаған дұрыс?
70-ші жылдар салтанаты
Әр маусымда дизайнерлер өз жұмыстарында байырғы кезеңді жаңғыртуға тырысады. Бұл қалыптасып кеткен дәстүр. Биылғы маусымда дизайнерлер 70–жылдар сәніне мән беріп отыр. Бұл дегеніміз А пішінді көйлектер, миди-ұзындығы мен қыры бар, кең тұратын шалбарлар арамызға қайта оралады деген сөз.
Күдері
Жіңішке, жұмсақ күдеріден жасалған түрлі түсті киім мен аяқ киімдер биылғы көктем-жаз маусымының трендіне кіреді.
Нормкор
Бұл жайлы біз өткен материалымызда толығырақ айтқан болатынбыз. Дегенмен нормкор стилінің трендте екенін естеріңізге сала кетуді жөн көрдік. Нормкор стиліне белдемше мен кроссовка және ыңғайлы, кең пішілген кофталар мен белдемше кию сияқты үйлесімдер жатады.
Деним
Еш уақытта сәннен шықпайтын деним матасы кез келген гардеробтан табылары сөзсіз. Әсіресе өткен жазда аруларымыз джинс шалбарын джинс жакеті не жейдесімен үйлестіріп киіп жүрді. Биылғы жазда да деним матасы трендке еніп, әртүрлі үлгіде киім тігуге себепші болды.
Сары түс
Жаздың басты трендтегі түстердің бірі – сары. Сондықтан сары түстегі кез келген киімді сатып алсаңыз, сәнді ару болып шыға келесіз. Әсіресе сарының лимон реңдегісі қыз баланы нәзік етіп көрсетеді.
Кең шалбар
Кез келген ұзындықтағы кең пішілген шалбар - биылғы жаз трендінің бірі. Бойыңыз ұзын болса қысқасын, аласа болса, ұзынын таңдағаныңыз жөн. Сондай-ақ кюлот шалбарлары да сәнде. Ол жайлы толығырақ мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз.
Ф. Абилова