- Негізгі бет
- Сән
- Жаз 2014. Сәнде...
Жаз 2014. Сәнде – Nude маникюры
2014 жылғы жаздың ең сәнді маникюрларының бірі – Nude. Бұл стильдің негізгі өзгешелігі – табиғилық. Nude (Нюд) маникюрін жасау кезінде көзге аса түспейтін ақшыл сары, ақшыл қызыл, ақшыл қоңыр, шабдалы, крем, пастель ("пастель түсі деген не?" оқыңыз) түсті лактарды қолдану керек. Кей-кейде маникюрдің әр алуан болуы үшін сұр түсті де қосуға болады.
Аталған маникюрдің екінші ерекшелігі – әмбебаптылығы. Бұл маникюр кез келген киіммен үйлеседі әрі кез келген жағдайға сәйкесе береді. Жұмысқа барсаңыз да, серуендесеңіз де, театрға не мейрамханаға келсеңіз де, Nude маникюрімен ұялмай жүре бересіз. Сондай-ақ кез келген мамандық иесі Nude маникюрін жасай алады. Тағы бір "жеңісі" оңай жасалатынында жатыр.
Nude маникюрі – Голливуд жұлдыздарының да таңдауы. Адель мен Николь Кидман сияқты көптеген жұлдыз осы маникюрге назар салған.
Ендеше, қарапайым әрі сәнді Nude маникюрін жасауды бірге үйренейік.
Маникюрға артық ақша шығындамау үшін, Nude маникюрін өзіміз-ақ әдемі етіп жасай аламыз.
1. Тырнақ егеуіш көмегімен тырнаққа пішін береміз. Артық өскінді алып тастап, тырнақты жинақы етеміз.
2. Тырнаққа маникюрға арналған негіз жағамыз. Сосын түссіз лакпен екі қабат етіп бояймыз.
3. Лак толық кепкенше күтіп, кепкен соң, табиғи түсті лак жағамыз (лак ақшыл сары, ақшыл қызыл, ақшыл қоңыр, шабдалы, крем, пастель түсті болғаны жөн).
4. Тағы да кепкенін күтіп, соңында қатырғыш лакпен бояймыз.
Nude маникюрі дайын!
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: anetaaas.blogspot.com, anetaaas.blogspot.com,
ladyelena.ru, beautiful-illusion.ru, shebook.ru
Оқимын десеңіз:
Р. Роза