- Негізгі бет
- Сән
- Жаз - 2013....
Жаз - 2013. Кеңсеге арналған жазғы киімдер
Барлық компания қызметкерлері бірдей киім үлгісімен жүре бермейтіні жасырын емес. Әйткенмен кез келген әйел адам кез келген ортада сәнді киімдермен өзін ыңғайлы сезініп жүруді қалайды. "Жаз мезгілінде кеңсеге қандай киімдерді киген дұрыс?" деген сұрақ көптеген қыз-келіншектің көкейінде жүрген болар. Ыстық күнде кейбір ресми киімдер ыңғайлы бола қоймайтыны рас.
Соңғы жылдары кеңсе киімдері жайлы сәнгерлердің мәселесі шешімін тауып келеді. Кеңседе қызметкер өзіне жұмыс кезінде кедергі келтірмейтін, жүріп-тұруға ыңғайлы киім кигені дұрыс. Дұрысы дұрыс қой, бірақ кейбір әйелдер қауымы бұлай киінумен аса келісе қоймайды. Ендеше біз ұсынған сәнді кеңсе киімдеріне назар аударып көріңіз.
Кеңсеге киер киіміңіздің қанша сәнді болса да, алабажақ түсті болмауына қатты көңіл бөліңіз. Ала-құла түс кеңсеге сай келмейтінін де біле жүргеніңіз артықтық етпес.
Үлкен көлемді оюлары мен жан-жануарлардың суреттері бар киімдерді кешкі отырыстарға немесе көшеге қыдырысқа шыққанға сақтаңыз. Кеңседе тор немесе жолақты киімдер мен суреттері көзге қатты түспейтін киімдерді кию керек. Мүмкіндігінше бір түсті киімдерді таңдаңыз.
2013 жылғы сән әлемі кеңсеге арнап бір түсті не бірдей үлгідегі кеудеше мен белдемшені ұсынып отыр. Әрине, кеңседе ең көп киілетін киім-кешектердің көшін қара және ақ түстілері бастап тұрғанын мойындаймыз. Қара мен ақтан осы уақытқа дейін сұр түс те қалысқан емес.
Әлемдік сәнгерлер 2013 жылдың жазы мен көктем мезгілінде кеңседе ашық көк түсті киімдерді киюге кеңес беріп отыр. Айтпақшы, қызыл түсті киіміңіз болса, ертеңнен бастап-ақ киіп келуге дайындала беріңіз. Өйткені мамандар қызыл түсті киімдерді де кеңсеге лайықты санап отыр. Айтпақшы, кейбір компаниялар мен жұмыс орындарында «Еркін жұма» күні бар. Бұл күні қызметкерлер күндегідей классикалық үлгіден қол үзіп, жұмысқа жарқын түсті киімдерді киіп келеді.
Киім үлгісіне келгенде, әлемдік сәнгерлер қаптама-көйлектерді биылғы сәнге қосып отыр. Онымен қоса, қалам тәріздес белдемшелер мен классикалық үлгідегі кеудешелер де көштен қалар емес. Мұндай киім үлгілері көптен бері кеңселік киім үлгілерінің тізімінен шықпай келеді. Сонымен қатар, қара классикалық көйлек әрбір қыз-келіншектің гардеробында болуы керек. Айтпақшы, тізеден төмен түсетін қарапайым қара көйлегіңізді келер күзге сақтаңыз.
Шолақ шалбарды да елеусіз қалдырмаған жөн. Шолақ шалбар – ыстықтан қорғайтын соңғы кездегі сән әлемінің ең өтімді киімі. Әйткенмен шолақ шалбардың тым қысқа және классикалық үлгіден ауытқып кетпегені дұрыс. Шолақ шалбарлар шифон кеудешелермен және классикалық жейделермен жақсы үйлеседі.
Биыл балағы қысқа шалбарлардың «бағы жанып» тұр. Ал қыры бар классикалық шалбарларды біз ешқашан сәннен қуып шыға алмаспыз. Ондай шалбарларды міндетті түрде биік өкшелі аяқ киіммен кию керек. Сонда классикалық қырлы шалбар сіздің дене бітіміңізді күндегіден де ерекше етіп көрсетпек. Классикалық үлгідегі бұл шалбар «салмақтылығымен» де сән әлемінің тұғырынан түспей келеді.
Өзіңізге ұнайтын киім үлгісін суреттерден таңдай отырыңыз.
Біз сіздерге кеңседе керемет көңіл-күймен және керемет киім үлгісімен жүруге барымызша көмектескендейміз. Қалғаны - өзіңіздің еншіңізде. Тек артық қылам деп, тыртық қылып, әріптестеріңіздің арасында «талғамсыз қызметкер» атанып жүрмегейсіз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: season.kz, zvezdastok.ru
А. Әбілхан