- Негізгі бет
- Сән
- Жаппай сатылымға қалай...
Жаппай сатылымға қалай дайындалу керек?
Көпшілік жаппай сатылымнан өзі ойлағаннан да артық қаражат жұмсап қояды. Кейде қажет емес киімге дейін сатып алады. Себебі "70%-ға дейінгі жеңілдік" деген сөзді көргенде санасыз түрде сауда жасап кетеді. Қазір көптеген дүкендер биылғы қысқы киімдерді және былтырғы көктемгі және жазғы киімдерді жеңілдікпен ұсынып жатыр. Жаппай сатылымнан соң ақшасыз қалмас үшін оған алдын ала дайындалу керек.
Жаппай сатылымға бармастан бұрын алдын ала жаңа киім алуға деген қаражатыңызды белгілеп алыңыз. Егер оған дейін жаңа киімдерге деп ақша жинаған болсаңыз, тіпті, жақсы. Егер жаңа киімге арнайы ақша жинамаған болсаңыз, басқа отбасы мүшелері қиналып қалмас үшін нақты бір сомманы бөліп шығарып, қалған ақшаға тиіспеңіз.
Содан соң баратын дүкендеріңіздің тізімін жасаңыз. Олар бұрыннан өзіңіз киім алып жүрген және киімдерінің сапасына көзіңіз жеткен дүкендер болуы мүмкін. Әйтпесе, сауда орталығына барғанда адам санасыз түрде бутик сырты күштірек безендірілген және "90%-ға дейін SALE" деген үлкен жазулары бар дүкендерге кіріп, уақытын жоғалтады, тез шаршап қалады және сапасыз киім алып шығуы мүмкін.
Жаппай сатылым кезінде дүкенге бармас бұрын өз гардеробыңызды бір реттеп шығыңыз. Мысалы, ұзақ уақыт бойы мүлдем кимеген киімдеріңізді бір бөлек және өте жиі киетін киімдеріңізді бір бөлек жинаңыз. Ұзақ уақыт бойы кимеген киімдеріңізге қарап, не үшін жиі кимейтініңізді ойланыңыз және соларға ұқсас киім алмауға тырысыңыз. Ал екінші топтағы киімдерді не үшін жақсы көресіз? Ыңғайлы ма әлде барлық киіммен үйлесе кете ме? Оларды күнде кию себебін анықтаған кезде ендігі жолы қандай киім алу керегін білетін боласыз.
Гардеробтағы барлық киім киілу үшін олардың бір-бірімен үйлесімді болуы маңызды. Сондықтан киімдеріңізді бір-бірімен үйлестіріп көріңіз, оларға кей элементтер, мысалы, белбеу, аяқ киім, ерекше колготки және т.б жетіспеуі мүмкін. Сондай қажет аксессуарларды параққа жазып қойыңыз.
"Арықтаймын" деп бір өлшемге кіші киім алмаңыз. Біріншіден, қай уақытта арықтайтыныңыз белгісіз. Ол киім киілмей біраз жатып қалуы мүмкін. Екіншіден, арықтаған кезде алып қойған киіміңіз сіз ойлағандай жарасып тұрмауы мүмкін. Сондықтан алдын ала тәуекел жасаудың қажеті жоқ.
Жаппай сатылымнан қараған киімді жақсылап тексеріп алыңыз. Жеңілдікпен қойылған киімдерді бірнеше күннің ішінде өте көп адам киіп қарайды. Сондықтан жаппай сатылымның басында түрі жақсы болған киімдер жеңілдіктің соңғы күндеріне қарай кей элементтерін жоғалта бастайды. Мысалы, ілгектің болмауы, кетпейтін дақ болуы, матаның жыртылуы және т.б – жаппай сатылымда жиі кездесетін жағдайлар.
Көп ақшаны жиі киетін киімге жұмсаңыз. Мысалы, 20 мың теңгеге кешкі көйлек алғанша оның орнына сол бағаға дұрыс шалбарлы костюм алған жөн. Себебі кешкі көйлекті көп дегенде 3 рет киесіз, одан кейін "тойға бір көйлекті кие бергім келмейді" деп басқасын алғыңыз келеді. Ал шалбарлы костюмді жұмысқа да, кей кештерге де киі бересіз. Оған қоса, костюмнің өзін және шалбардың өзін бөлек-бөлек кие аласыз.
А. Жапатова