Жаңа сән: "Тор көзді киімдер"

Жаңа сән: "Тор көзді киімдер"

Әлемдік дизайнерлер сән әлеміне жаңа туындыларын енгізді. Олар – сән әлемімен санасатын, талғампаз адамдарға арналған, барынша ерекше киімдер. Бұл киімдердің басты ерекшелігі – тор көз суреттері бар стильдің, классикалық түстердің, жағасында аң терісі бар түрлерінің қайта сәнге айналуында. Олардың әрқайсысында дерлік өзіне ғана тән кескіндері бар.

Енді ғана сәнге еніп жатқандықтан, тор көзді киімдерді киіп жүрген көп адамды байқау қиын. Шотландық стильде тігілген бұл киімдер әдемілікпен қатар денедегі артық салмақты жасырады. Тор көз суреттері бар киімдердің сәнге айналғандығын біліп, орнын арзан бағадағы киімдермен алмастырсаңыз болады. Сәнмен қатар жүру үшін міндетті түрде қымбат киімді сатып алудың қажеті жоқ.  


Тор көз мата тек сырт киімдерде ғана емес, мұнымен қатар кеудешелерде, шалбарда, көйлекте, бас киімдерде кездеседі. Ең жақсы деп қызыл, қоңыр қызыл, жасыл, қоңыр, көк түстер таңдалды.

Тор көзді суреттері бар киімдерді өзіңіздің талғамыңызға сәйкес түрлендіріңіз. Мысалы, шалбар мен белдемшенің жоғарғы жағына тор көзді суреті бар кеудеше, тіпті, осы іспеттес колготкі киюге де болады. Ал сырт киімдерге келер болсақ, оларды джинс секілді шалбарлармен киген жарасымды.


Қазір қысқа белдемшелерге қарағанда ұзындары сәнді көрінуде. Бұл дизайнерлердің суық мезгілді ескергендіктерін байқатады. Ал сәнге толығырақ тоқталатын болсақ, бұл жерде екі стильдің жарысып келе жатқандығын аңғаруымыз керек. Біріншісі - қарапайым әрі жұмыскер қыздарға арналған миди белдемшесі, екіншісі - артында қимасы бар ұзын белдемшелер. Биылғы сәндегі белдемшелер сымбатымызға ерекше қаталдық пен жарасымдылық сыйлайды. Солай бола тұра нәзіктікті де ұмытпайды. Дизайнерлер аталған белдемшелерді кеудешелермен, жеңіл жемпірлермен, былғары күртешелермен киюге кеңес береді.


Биылғы сәнде көйлектердің белгілі бір ұзындықтары ескерілмеген. Яғни кез келгенін таңдап киюге болады. Көпшілік қыздар тізеге дейінгі ұзындықты таңдайды. Мұнымен қатар көктем мезгілінің басты ерекшелігі көйлектер, олардағы аң терісі және жұмсақ былғары. Аталған мезгілде былғары мен аң терісінің ерекше сәнге айналғандығын да атап өткеніміз жөн. Олар тек сырт киімдерде ғана емес, көйлектерді тігуде пайдаланылады.

Мамандардан кеңес: "Сәнге айналған трендтерге толықтай еліктеп кетудің де қажеті жоқ. Оның орнына өзіңізге ғана тән жеке стиль қалыптастырыңыз және қысылмаңыз!".

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: liveinternet.ru

Қ. Бүйенбай