- Негізгі бет
- Сән
- Jacquemus: Арманға жету...
Jacquemus: Арманға жету жолында күндіз дүкенде жұмыс жасап, түнде дизайнмен айналыстым
Жақында ғана махаббат қаласы Парижде кезекті сән апталығы болып өткені барша сәнқұмар қауымға белгілі. Бұл оқиғаның алдында Нью-Йорк, Лондон және Милан сән апталықтарындағы көңіл аудартар көрсетілімдер туралы мақалалар ұсынған болатынбыз.
Ал, бүгінгі әңгімеміз күні кеше өзінің жаңа киім топтамасымен fashion-өндіріс өкілдерінің өзін мойындатқан Симон Порт Жакмю туралы болмақ. Бұл салаға қызығушылық танытатын жандар үшін Симон Порт Жакмю француз сән әлемінің үміті, болашағына сеніммен қарайтын жас дарын ретінде белгілі. Оның бұл салада жүргеніне бар болғаны 7 жылдай уақыт болды. Осы себепті, кутурьені баласынып, оның Jacquemus сән үйін мықтылар қатарына жатқызбайтын сыншылар кешегі топтамадан соң ойларын өзгерткені айтпаса да түсінікті.
Көрсетілімде ұсынылған киімдердің басым бөлігінде кең иықты келетін 2017 жылдың негізгі трендіне аса мән берілген. Сән бикештері иығы кең жейде мен қалыпсыз шалбар кигенмен, дизайнердің көрегендігінің арқасында әйелдік қасиетін жоғалтпай, ер адамның үлгісіндегі киімнің өзінде де тым нәзік көрінеді. Сонымен қатар, кең жиекті бержер қалпақтары мен пончо секілді көйлектер Оңтүстік Франция жерін еске түсіреді. Көрсетілімнің өзі Прованстық стильге қанық. Туып-өскен мекенінің ерекшеліктерінен шабыт алу негізінде пайда болған керемет киім үлгілерінің авторы өзінің еңбек жолы туралы былай дейді: “Арманға жету жолында мен күндіз дүкенде жұмыс жасап, түнде дизайнмен айналысатынмын”.
Жалпы, Жакмюдің бұл сән әлеміне деген қызығушылығы 90-шы жылдары теледидардан Жан Поль Готьені көруінен басталған. Содан ол мектеп бітірген соң 18 жасында сән бағыты бойынша оқуға түседі. Бірақ Симон Порт оқып жүрген кезде анасы өмірден өтіп, оқуын тастап кетеді. “Анам қайтыс болған соң мен оқуға уақыт жоғалтпай, бала кезден армандаған ісіме дереу кірісуім керек деп шештім. Алғашқы топтамамды ғаламторға салған едім, оған кенет көңіл бөлініп, ұнатқандар тым көп болды”, - дейді ол.
Минимализмге құштар кутурье өзіндік ерекшелігімен танылып келеді. Ол мұндай қарапайымдылық әкесінің берген ең маңызды кеңесі екенін айтады. Анаға деген тұнық сезім мен ыстық махаббаттан туған сән үйінің киім үлгілері көпшілік көңілінен шығып келеді.
А. Оралқызы