Гранж стилі несімен қауіпті?

Қазір еліміздің кез келген аймағында гранж стилімен киінетін адамдар өте көп. Гранж стилі өткен ғасырдың 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында рок музыка бағытының әсерімен (қалыптасқан қоғамдық пікірге қыр көрсету мақсатында деп те айтылады) дүниеге келген.

Гранждың басқа стильдерден өзіндік ерекшеліктері бар:

• киімдер негізінен, қара, қою түсті болып келеді;

• әйелдер де, ерлер де ұзын шаш өсіреді;

• әйелдер де, ерлер де фланель матасынан тігілген кең жейде киеді;

• әйелдер де, ерлер де қап секілді кең, тізелері жыртық джинсы шалбар киеді;

• әйелдер де, ерлер де милитари стиліндегі дөрекі жасалған, көзге ауыр сияқты көрінетін аяқ киім киеді;

• киім мыж-мыж үтік көрмеген болуы шарт. Осы өлшемдеріне байланысты жалпы гранж стилін «бомж» стилі деп те атайды.

"Гранж стилі несімен қауіпті?" деген сұрағымызға оралар болсақ:

Біріншіден, жас ұрпағымыздың эстетикалық талғамына кері әсер етеді.

Екіншіден, гранж стилі «адам көркі – шүберек» деген түсінікке қарама-қарсы болғандықтан адамдардың көңіл күйін көтермейді, қайта керісінше түсіруі мүмкін.

Үшіншіден, қоршаған ортаның кей жағдайда киіміңе («бомж» стилі) қарап бағалап, қарым-қатынас жасайтыны да құпия емес.

Төртіншіден, гранж стилінің киімдерін «секонд хэнд» дүкендерінен алады. Бұл дүкендердің күлімсі исінен де басқа да жағымсыз жағы бар (ол туралы басқа мақаламызда сөз етпекшіміз).

Әрине әлемдегі дизайнерлер, модельерлер, стилистер бұл стильдің кейбір элементтерін ғана алып (көлемді свитер немесе дөрекі жасалған аяқ киім), басқа стильмен үйлестіріп, ерекше сәнді образ жасауда пайдаланады. Осыған дейін гранж стилін ұстанып келсеңіз, сіздерге де осындай идеяны қолдануды ұсынамыз. Егер қоғамға деген наразылығыңыз болса, оны киіммен емес, жан-жағыңыздағы жандарға ашық айту арқылы білдіре аласыз.

Ойланыңыз! Іске сәт!

Сурет: matrony.ru