- Негізгі бет
- Сән
- Гольфтерді киіп үйренейік!...
Гольфтерді киіп үйренейік!
Көптеген дизайнерлер гольфтерді қыздар гардеробының жиі пайдаланылатын бұйымына айналдырғысы келсе де, гольфті күнделікті өмірде киюге қыздардың батылы бара бермейді. Және бұл бекер: гольф – қолайлы әрі сәнді бұйым. Ол фигурасы алуан түрлі қыздарға жараса береді. Гольфтер күнделікті киімдерге де, салтанатты киімдерге де тамаша үстеме бола алады.
Гольфті сатып аларда нені ескеру керек?
Мүмкіндік болса, гольфтердің жұқа трикотаж, тоқылған немесе капрон түрлерін бірден сатып алып қойған жөн. Осы арқылы жылдың қай мезгілі болмасын гольфтерді түрлі киімдермен үйлестіре аласыз.
Гольфтің созылғыштығына назар аударыңыз – олар аяқта жақсы тұруы керек және төменге түсіп кетпеуі керек.
Жарқын гольфтер стиліңізге жайнақылық пен жарқындық береді, жайма шуақ көңіл күй сыйлайды.
Қара, қою қызыл немесе жылы реңктегі гольфтер – аяғыңыздың әдемілігін айқындайды және бейнеңізге сүйкімділік береді.
Гольфтердің қысқа, орташа ұзындықтағы және ұзын, яғни санның ортасына дейін жететін түрлері бар. Әр нұсқа өзіне сай киімді таңдауды талап етеді.
Гольфтің ұзындығын қалай таңдаймыз және оны немен киеміз?
Гольфтердің ерекшелігі – ол аяқтың қай жерінде бітсе, назар сол жерге түседі. Сәйкесінше, тізесі әдемі қыздар, тізеге дейін келетін гольфтерді кисе болады.
Балтыры сымбатты қыздар ұзындығы балтырға дейін келетін гольфтерді таңдаса болады. Олар аяқтардың көркемдігін айқындап тұрады.
Ұзын гольфтер бәріне жарасады. Ең бастысы, гольфтың ұзындығы мен көйлек немесе белдемше ұзындығын үйлестіру кезінде қателеспеу. Әмбебап нұсқа – көйлектің етегі гольф басталатын жерде бітуі керек. Сәнді және тұрпайы көрінбейді.
Ұзын гольфтерді арнайы мақсатпен, тартымды көріну үшін сатып алады. Мұндай жағдайда оларды қысқа шорты, мини белдемше немесе қысқа көйлектермен кию ұсынылады.
Ұзын жұқа селдір гольфтер биік өкшелі босоножкалармен көзтартарлық және сүйкімді көрінеді.
Есіңізде болсын: гольфтеріңіз қысқа болған сайын көйлегіңіз ұзара түсуі керек. Винтаждық стильдегі көйлек пен балтырдың ортасына дейін келетін гольф тамаша көрінеді. Бұл бейнені беретка немесе қалпақпен және классикалық трикотаж жемпірмен толықтыруға болады.
Мұндай гольфтермен қарындаш белдемшелер де әдемі жарасады.
Егер сүйкімді мектеп оқушысы сияқты көрінгіңіз келсе, онда ұзын немесе балтырдың ортасына дейін келетін гольфті қатпарлы мини белдемше, ақ жейде және пиджакпен киіңіз.
Гольф пен трикотаж көйлек – ең ұтымды нұсқа. Бұл бейнені әдемі белдік, ботильон және қысқа былғары күртешемен толықтыруға болады.
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina