Гардеробтағы жиі жаңарту керек 8 зат

Гардеробтағы жиі жаңарту керек 8 зат
Фото: crello.com

Саналы тұтыну принципі заттарды импульсивті сатып алудан аулақ болуды  және гардеробты тек аса қажеттілік туындағанда ғана жаңартуды ұсынады. Алайда кей базалық киімдер жылдам тозады, сондықтан дұрыс күтім мен жиі ауыстыруды қажет етеді. Бүгінгі материалда гардеробтағы қандай заттарды басқаларға қарағанда жиірек жаңартып тұру керегін қарастырамыз.

Ақ футболка
Әйел гардеробындағы базалық әрі қажетті киімдердің бірі — ақ футболка. Ол киім үлгісін ойластыруға уақыт жоқ кезде құтқарады. Себебі ақ футболка кез келген киіммен оңай үйлесіп кете салады. Сондай-ақ ол көпқабатты киім үлгісінің ажырамас бөлігі десек те болады. Алайда ақ футболкалар тез тозады. Себебі ақ футболкаға тиген кез келген дақ қатты көрініп тұрады. Сондықтан оны кетіру үшін әр кішкентай дақ тиген сайын жуасыз. Ал киімді жиі жуу оның тез тозуына әкеледі. Оған қоса, ақ футболкаға дезодоранттардың ізі қалып қояды.

Ішкі киім
Ішкі киімнің де жарамдылық мерзімі бар. Эксперттер оны жылына 2-3 рет жаңасына ауыстыруды ұсынады.

Шұлық пен колготки
Шұлық пен колготкилер жылдам тозып, жиі ауыстыруды қажет етеді. Айына бір рет отбасы мүшелерінің шұлықтары мен колготкилерін бір тексеріп шыққан жөн. Олардың созылған және жыртылған түрлерінен бірден құтылыңыз немесе оларды бөлек қойыңыз. Сол кезде асыққанда үйден тесілген колгитки немесе жыртық шұлық киіп шығу мүмкіндігі азаяды.

Белдіктер
Бұл аксессуарды шалбардың белден түсіп кетпеуіне ғана қолданбаймыз. Ол киім үлгісін стильді етуге де көмектеседі. Белдіктер арқылы дене пішінін визуалды түрде өзгертуге болады. Алайда тері бұйымдары күтімді қажет етеді: белдікте пайда болатын тіліктердің алдын алу үшін арнайы күтім құралдарын қолдану керек. Егер күтім жасалмаса, белдіктер тез тозады. 

Үйге киюге арналған киімдер
Көпшілік үй киімдеріне мән бермейді. Олар үйде өздерін көп ешкім көрмегендіктен, оған ақша құртудың қажеті жоқ деп ойлайды. Тек сыртта емес, үйде де әдемі әрі күтімді киініп жүру керек. Ал созылып кеткен футболкалар мен тізесі шыққан триколарды қайта өңдеуге тапсыруға болады.

Ақ жейде
Ақ жейде де ақ футболка секілді әмбебап киімге жатады. Ақ жейделер көп кигеннен және жиі жуғаннан жылдам сарғыштанып кетеді. Әсіресе, жағасының, жең бүкпесінің және қолтығының ішкі жағының сарғаятынын байқаған боларсыз. Сондықтан үнемі таза әрі ұқыпты жүру үшін ақ жейдені уақытында ауыстырып тұру қажет.

Ұйықтауға киетін киім
Гардеробта ұйықтауға арналған киімнің бірнешеуі болған жөн. Ұйықтап жатқанда адам терлейді және терінің қабыршақтанған бөліктерін жоғалтады: олар киім матасына жиналады. Дерматологтар жұқпалар дамуының алдын алу үшін ұйықтауға киетін киімді аптасына бір рет жууға кеңес береді.

А. Жапатова