Қазіргі уақытта галстук ерлер гардеробының ажырамас бір бөлігіне айналып кеткендігі жасырын емес. Жұмыскер ер адамдар классикалық үлгіде галстук тағып жүретіндігіне көзіміз әбден үйреніп те қалған. Тек жұмыскерлер ғана емес, басқа да мақсатта тағатын ерлердің мойнынан үнемі көреміз бұл галстукты. Бұрындары қызметкер іскерлік кездесуге галстуксыз келсе, ол - мәдениетсіздік деп танылатын. Ондай кезде киім әдебі мен ресми кездесу әдебін бұзғаны үшін гастуксыз ер адам жақсы көзқараста қалмасы белгілі.
Ал қазір бұл дүние тек ресми кездесулерде ғана емес, күнделікті өмірде: басқосу отырыстарда, бейресми кездесулерде де мойыннан түспейтін болды. Тек галстуктың түсі кез келген бір сыртқы киімнің түсімен үйлессе болғаны... Сіз галстукты джинсы шалбар мен жай ғана пенжакпен кисеңіз де сізді қоғамдық ортада ешкім сұрақтың астына алып жатқан жоқ.
Бірақ кейбір ер адамдар өз киім гардеробын да, өз өмірін де галстуксыз елестете алады. Олар өз костюмдеріне, не жейделеріне сай келетін галстукты таппаймын деген күмәнмен әуре болады. Бірі, тіпті, галстук таққанды жақтырмайды да. Киімге үйлесетін галстукты таңдау тұрмақ, оны дұрыстап байлауды да білмейді көбі.
Мейлі таңдай алмайды екенсіз, байлай да алмайды екенсіз... Тым болмағанда, галстуктың тарихын біле жүріңіз!
Неміс тілінен алынған Halstuch сөзі мойынға орайтын орамал дегеннен шыққан. Алғаш мұны римдік легионерлер мойындарына таққан. 1660 жылы айбынды хорват әскері Парижге кезекті соғысынан жеңіспен оралған екен. Сол қалада оларды сәнді киімдерді құрметтеуде белгілі болған король Луи XIV көреді. Әскери құттықтауда офицерлер мойындарына жарқын түсті жібек орамалдар байлап алған екен. Бұл үрдіс олардың бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүрі екен. Осы көрініске таңданып, қызыққан Француз монархы да мойнына сол жерде орамал байлап алады.
Содан біраз жыл өтпей-ақ Ла-Маншта әлгі орамалдың жаңа үлгісі жарыққа шығып, 150 жылдан кейін кез келген өзін-өзі сыйлайтын ағылшын джентельмені көшеге мойынға тағатын орамалсыз аяқ баспайтын болған.
XIX ғасырдың ортасында мойынға орайтын орамалдан қазіргі түснігіміздегі галстуктер пайда бола бастады. Содан бері ер адам келбетіне қарағанда бірден оның галстугіне көз түсетін болды.
XIX ғасырдың басында галстукты қалай дұрыс байлау әдісі өмірге келді. Ол жөнінде кітаптарда жариялана бастады. Осындай кітаптардың бірінің авторы Бальзак еді.
XIX ғасырдағы галстуктердің көбі жібектен, жүннен, атластан жасалып, түрлі оюлармен әсемделді.
Содан соң сәнге галстуктың жаңа түрлері шыға бастады. 60 жылдары ұзын былғары галстуктер мен тоқыма галстуктер дүниеге келді.
Галстук тарихында көптеген өзгерістер болып тұрды. Ереже бойынша галстук жейденің жағасымен сай келуі керек. 70 жылдары оның ені 13 см-ді құрады. Ал қазіргі уақытта галстуктардың ені - 8,2 см. Галстук жасауда жаккард матасы мен жібектің рөлі зор.
Сонда да қазіргі уақытта галстуктердің түсі мен ұзындығы, еніне байланысты норма қою қиындау. Галстук таңдауда әркім өз талғамына ерік беріп жатыр.
Ал сіздің галстукке деген көзқарасыңыз қандай? Онсыз киім гардеробыңызды елестете аласыз ба?
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: spletnik72.ru, mrfashion.ru, point.ru